Әлеуметтік желінің әлеуеті қандай
XXI ғасыр — технологияның дамыған заманы. Қазіргі уақытта ұялы телефон қоғам мүшелерінің ажырамас бір бөлігіне айналды. Жұмыс орнында, мектепте, университетте, тіпті тамақтану кезінде ұялы телефонды пайдаланатынымыз рас. Жалпы «әлеуметтік желі» дегеніміз не? Әлеуметтік желі — бұл күн сайын миллиардтаған тұрғын жаңалықтармен, пайдалы ақпаратпен бөлісетін, хат алмасатын сайттар қауымдастығы.
Қолымыз қалт ете салысымен барлығымыз әлеуметтік желінің жетегіне еріп, онда не болып жатқанын бақылаймыз. VK, Facebook, Instagram, You Tube, Tik-Tok желілеріне көбіміздің тіркелгеніміз шындық.
Қазір кеудесінде жаны бар адамды жаны жоқ, бірақ жады бар техниканың жіпсіз байлаған заманы. Әлемдегі 7 млрд адамның 3.5 млрд-ы көгенделген қозыдай күн ұзаққа ғаламторға телміріп отырады екен. Олардың ғаламторсыз таңы атпайды, күні батпайды. Бұл бүгінгі қоғамның әлеуметтік желінің жетегінде кеткенін көрсетеді.
…Ғаламтор — халықты адамдықтан айырады, тіптен қылмыскер қылып тынады. Бір жылда әлемде 100 жасөспірім ғаламтордағы жазбасы үшін өлтіріледі. Мәселен, Оңтүстік Кореяда интернетін күшпен ажыратып тастаған анасына өшіккен жасөспірім оны пышақтап өлтірген. Осылайша, виртуалды өмір ритуалды өлімге әкелді.
Қазақстанды алып қарайтын болсақ, халықтың 5 млн-нан астамы түрлі сайттарға тіркелген. Ғаламтордағы сайттарды халықтың басым көпшілігі қазір не үшін пайдаланады:
1. Кино көру үшін;
2. Онлайн ойын ойнау үшін;
3. Сауда жасау үшін;
4. Білім алу үшін және т.б
Мамандардың айтуынша, біріншіден, ғаламторда отырған кезде адам отбасы мен достарының өтініштерін мүлдем елемейді екен. Екіншіден, жиі депрессияға ұшырайды және интернетсіз қалған уақытта қатты мазасызданады. Үшіншіден, ешқандай хабарлама келмесе де, 15 минут сайын ұялы телефоны мен жеке аккаунтын бірнеше мәрте тексеріп қарайды. Ал физикалық симптомдарын айтсам, бастың қатты ауруы немесе арқаның бүкірейіп кетуі. Дұрыс тамақтанбау, жеке бас тазалығына немқұрайлы қарау, ұйқының бұзылуы. Міне, осындай кері әсерлерін де ескергеніміз жөн.
Британдық ғалымдар Instagram әлеуметтік желісін «адам денсаулығына ең қауіпті әлеуметтік желінің бірі» деп атады. Соған орай, мен 14-26 жас аралығындағы 145 шақты адамнан қазіргі уақытта кеңінен қолданылатын әлеуметтік желілер туралы, сонымен қатар оларды қолданғаннан кейінгі әсерлері қандай болатыны туралы сұрастырған болатынмын. Зерттеу барысында Instagram, You Tube, Tik-Tok және Twitter секілді әлеуметтік желілердің ішінде ең жағымды әсер қалдыратыны — You Tube деп анықталды. Ал Instagram, Tik-Tok, Twitter психологиялық жағынан қауіптілердің қатарына қосылды. Зерттеу бойынша, 16-24 жас аралығындағы жастардың 93 пайызы әлеуметтік желіге тіркелген және күнделікті пайдаланады екен. Әлеуметтік желіде көп уақыт өткізу жалғыздық сезімін тудыруы, тәуелділікті арттыруы және депрессияға әкелуі мүмкін. Жалпы, Instagram-ды күнделікті қолданып отырған адам бейсаналы түрде өзін басқалармен салыстырып, өзін төмендетіп, өмірін қиындатады екен. Сауалнаманы қорытындылай келе, оған қатысқан жастарды екі топқа бөлуге болады. Бірінші топтағы адамдар әлеуметтік желілерде уақыттарының көп бөлігін өткізеді. Ал, екінші топтағылар тәулігіне жарты сағаттан көп уақыт жұмсамайды.
Қазір адамдардың көпшілігі әлеуметтік желілерсіз өз өмірлерін мүлдем елестете алмайтыны анық. Қазіргі «ақпараттандыру ғасырында» әлеуметтік желілердің жағымды немесе жағымсыз жақтарын ажырату қиын екені анық. Негізінен, әлеуметтік желілерді кеңінен қолданатын — жастар. Жастар үшін әлеуметтік желілер мен сайттар жол сілтегіш құрал болып саналады.
Назира Қайыржан,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Журналистика және саясаттану факультетінің 2-курс студенті