Цифрлық этикет және оның перспективалары
Толкын Сламкуловна Сламбекова
педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор м.а. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Астана қ., Қазақстан)
Перизат Байтешқызы Сейітқазы
педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Астана қ., Қазақстан)
Марзия Пазиловна Асылбекова
педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор м.а. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Астана қ., Қазақстан)
Мақала AP19679344 «ЖОО-да оқытушылар мен студенттердің желілік коммуникативтік мәдениеті мен цифрлық этикетін қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік негіздерін зерттеу» тақырыбындағы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру жобасы аясында жазылды.
Этикет туралы білетін сияқтымыз, бірақ оны күнделікті тіршілікте дұрыс қолдана аламыз ба? Этикеттің мәні неде және бізге не үшін қажет? Осы сауалдарға жауап беріп көрелік.
Көптеген дерек көздерінде этикет ұғымы туралы жағымды, үйлесімді қарым-қатынас туғызу мақсатындағы қауымның мінез-құлық ережелері, қарым-қатынас тәртібі, ол мәдениеттің көрінісі ретінде қоғамның барлық сферасын қамтиды және адамның ортасы мен ондағы әлеуметтік, адамгершілік нормаларына сәйкес мінез-құлық модельдерін ұсынады делінсе, мәдениеттану бойынша қысқаша сөздікте «этикет — адамның сыртқы мәдениетінің құрамдас бөлігі.
«Этикет — адамдардың сыртқы қатынас-көзқарасын (қоршағандармен қатынаса білу, көпшілік орындарында өзін ұстай білу мәнері, т.б.) реттеп отыратын мінез-құлық ережесінің жиынтығы» ретінде қарастырылған [1, с. 39].
Этикеттің негізгі мақсаты — біріншіден, социумдағы адамдардың позициясын бейнелеу, екіншіден, екі жақты да қанағаттандыратын тұрақты мінез-құлық, қарым-қатынас тәртібін таңдау, қалыптастыру. Этикетті сақтау немесе сақтамау адамның жалпы мәдениеттілігі (білімділігі, тәрбиелілігі) ғана емес, оның өзіне және басқаларға қатынасы туралы ой салады. Демек, этикет — мәдениеттілік көрінісі.
Этикет өте көне ұғым болғандықтан оның қалыптасуы ұзақ тарихи үрдіс екендігі мәлім. Ұғым ХVІІ ғасырдың басында француз дворындағылардың тұрмыс-тіршілігінің стилі Европа елдері үшін үлгі болып тұрған кезде пайда болған. Этикет ұғымы Х-ХІІІ ғ. Ежелгі Греция, Рим және славян-орыс әдебиеттерінде, жазба құжаттарында ортада өзін-өзі ұстау, жұртшылыққа ұнау түрлері, ережелері ретінде таралған. В. Мономахтың «Поучения» атты еңбегінде этикет туралы жағымды манера кодекстері ІV ғ. бірінші жартысында жарық көрген делінген.
Ондай болса, заманауи этикет адамзаттың мінез-құлық ережелерінің жиынтығы. Ережелерді орындау міндетті болмаса да, оны орындау қоршаған ортада өзіңді жақсы сезіну, қарым-қатынасты орнату, үйлесімді ортаны құру болып табылады. Этикет ережелерін сақтау арқылы адамдардың мінез-құлқын ұйымдастыруға болады.
Этикет қоғамда қабылданған жалпы адамзаттық мәдениет, адамгершілік пен мораль тәртібі. Ол адамдардың қарым-қатынасы мен жалпы қабылданған жүріс-тұрыс нормаларына баға береді. Белгіленген тәртіп белгілі бір орта мүшелеріне тән болмауы керек, ол қазіргі әлемдегі әлеуметтік-саяси жүйе мүшелерімен орындалуы тиіс. Этикет қоғамдық құрылымның қалыптасуына әсер етеді, оған өзгерістер мен толықтырулар, түзетулер енгізеді. Осы орайда зерттеуші А.И. Титаренко осы мінез-құлық формаларының өздігінен пайда болмағандығы, оның практикалық іс-әрекет негізінде адамгершілік-құнды мағынаға ие болып, сана құрылымында бекітілгендігі туралы тұжырымды ой айтады [2, с. 194]. Демек, адамдар тобынан тұратын кез келген кеңістікте өз нормаларымен, ережелерімен сипатталатын этикет түрлерінің қалыптасатындығы заңдылық. Осы орайда этикеттің түрлері көптеп кездеседі. Мәселен, ғылымда түрлері, жүйелері, элементтері кеңінен қарастырылған сыртқы және көпшілікпен қарым-қатынас жасау этикеті (жалпы азаматтық этикет; зайырлы немесе әлеуметтік этикет; қоғамдық орындардағы этикет; діни этикет, жерлеу этикеті; спорттық этикет; гендерлік этикет; саяхаттау этикеті; неке этикеті; іскерлік этикет; әскери этикет; дипломатиялық этикет; корпоративтік этикет; қызмет көрсету этикеті); этикеттің арнайы түрлері (дастархан басындағы этикет; сөйлеу этикеті; конфессиялық этикет; отбасылық этикет) және ғылыми айналымда әлде де жеткіліксіз деңгейде қарастырылған коммуникация құралдарын қолданудағы этикет немесе цифрлық этикет.
Мұндағы цифрлық этикет заманауи трендтер қатарындағы бүгінде білім беру, ғылым, техника, экономика, әлеуметтік және т.б. салаларды толықтай қамтыған цифрландырумен тікелей байланысты. Миллиондаған адамның тыныс-тіршілігіне енген интернет демек, бір-біріне қосылу үшін бірдей ережелерді пайдаланатын, бір-бірімен өзара байланысқан компьютерлік желілердің жаһандық жүйесі (Уоллейс П.) пайда болғаннан бастап медиакеңістік, цифрландыру, цифрлық сауаттылық, цифрлық коммуникация, цифрлық этикет, цифрлық гигиена, еркін коммуникация, онлайн-орта, онлайн-топ, «ингруп», онлайн тіл, онлайн-құпия топтар, ақпараттық технологиялар, виртуалды әлем, виртуалды шындық сынды ұғымдар күнделікті қолданысқа еніп социумның, ғалым-зерттеушілердің назарын аударуда. Өйткені бүгінгі интернет білім, ақпарат, сауда, қарым-қатынас пен бос уақытты өткізу көзі, жедел хабарламалар жіберу ортасы, ойын алаңы, өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесі, сауда орны, театр, музыка, өнер, кино әлеміне саяхат немесе таным, ақпарат көзі, пікірталас кеңістігі (конференция, пікірталас форумы және т.б.) және басқа да көптеген іс-әрекеттер мекені де.
Интернет адамдардың қолы жетпейтін ортаны қол жетімді етеді, қашықты жақындатады, тіпті бір-бірін тікелей танымаса да адамдар әлеуметтік желілер арқылы өздеріне орта құрады, өз образдарын (онлайн-тұлға) да қалыптастыра алады. Виртуалды әлемнің бір ерекшелігі онда шекара болмайды, демек сіз әлемнің кез келген материгіндегі азаматпен байланыс орната аласыз. Аталған интернет тарапынан атқарылатын көп қырлы әрекеттер интернеттегі мінез-құлықты қалыптастырудың қажеттілігін мегзейді, ол дегеніміз мәдениеттілік, этикет, демек, мінез-құлық ережесін сақтау.
2015 жылы пандемия, дистанциялық оқыту болмаған кездің өзінде Goldman Sachs дерегі бойынша жастардың интернет желісі алдында тәулігіне 10 сағатқа дейін отырғандықтары туралы айтылған. Ол кезде оқушыларға «Интернетте қанша уақыт отырасыз?», «Виртуалды әлем сізді несімен қызықтырады?», «Бүгінде виртуалды достарыңыз қанша?», «Сіз үшін интернет-орта, интернет-тәрбиенің орны қаншалықты» … сынды сауалдар да қойылды.
Пандемия кезінде Zoom платформасы кездесу ортасы болды, дерек көздерінде 2020 жылы видеоконференцияларды қолданған адамдар саны тіптен 200 миллионнан асқандығы, 2019 жылдың желтоқсан айында Zoom қолданғандар саны 10 миллионға дейін жеткендігі туралы мәліметтер кездеседі. Және сарапшылар 3 айда қолданыстың 20 есеге артқандығын да анықтаған. Әрине, пандемия уақытында қашықтан кәсіби қызмет атқару әркімге жеңіл болған жоқ, кейбір адамдар табиғи қарым-қатынасты аңсаса, кейбіреуі психологиялық тұрғыда онлайн платформаға дайын болмағандықтан стрестік жағдайға тап болды. Бұндай жағдайға жауапсыз қалған mail ru, «Google Документте» жұмыс жасай алмауы мен интернеттегі байланыс деңгейінің төмендігі де себеп болды. Осы аталған жайсыз күйден шығу, онлайн-кеңістікке ену мен онлайн-мәдениетті ортаны құру үшін, өзін-өзі дамыту мен белсендіру үшін цифрлық этикет ережелері қалыптаса бастады.
Цифрлық шындық желілік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру мақсатында білім алудың заманауи парадигмасына өз талабын қоятындықтан цифрландыруға сәйкес білім беру мазмұны, оны трансформациялау, тасымалдау, білім беру формалары, технологиялары мен стратегиялары, амалдары мен тәсілдері, тіпті қарым-қатынас стилі де өзгеріске ұшырауда, тіпті жастардың диалектілерінде цифрландыруға қатысты көптеген жаңа түсініктер, ұғымдар қалыптасуда.
Цифрлық этикет немесе digital-этикет – интернет кеңістігіндегі мінез-құлық мәдениетін анықтайтын этикеттің жаңа түрі және интернет желісін қолданатын адамдардың барлығы ұстанатын қарым-қатынас ережелері. Цифрлық этикет — коммуникативті қатынастың жаңа түрі ғана емес, цифрлық жаһанданудың жаңа әлеуметтік-мәдени феномендерінің бірі. Цифрлық этикет – Z ұрпақ мінез-құлқының бір құрылымы. Цифрлық этикет – интернет желісінде тиімді, әрі сауатты қарым-қатынас орнату, демек виртуалды әлеммен қарым-қатынас инструменті.
Цифрлық этикет ережелерін білу, сақтау өте маңызды, өйткені бүгінде көптеген сұрақтар мессенджер, әлеуметтік желілер және электронды пошта және т.б. арқылы шешіледі.
Жалпы этикет сияқты цифрлық этикеттің де құрылымы, белгілері, ережелері, ерекшеліктері бар. Ол белгілі желіні қолданған адам санының көбеюінен пайда болды. Әрине, цифрлық этикеттің мазмұнын, маңызын, методологиясын этикет тақырыбындағы ғылыми зерттеулер мен дерек көздері ашпақ. Цифрлық этикет туралы зерттеулер Д.Стиллман, Дж Стиллман, П.Доэрти, В.Ши, Р.И.Мамина және т.б. тарапынан жүргізілген. Цифрлық этикет туралы материалдар шетелдік, отандық ғалымдар еңбектерінде, сайттарда көптеп кездескенімен, әлде де толықтай әрі түбегейлі зерттеулер жоқтың қасы. Тұрмыстық, отбасылық және т.б. этикет түрлері бірнеше жүзжылдықтар бұрын айтылса да, цифрлық этикет туралы бірнеше онжылдықтар бұрын ғана зерттеу нысанына айналуда.
20 жыл бойы ұрпақ проблемасымен айналысқан американдық ғалым Д.Стиллман Z ұрпақ виртуалды әлем мен шынайы әлемнің арасындағы айырмашылықты байқамайтындығы, өйткені олар үшін екі кеңістік тұтас екендігі және олар өз өмірлерін цифрлық әлемсіз (phygital) көз алдарына елестете де алмайтындықтары туралы тұжырым жасаған. Ғалымның пікірінше, Web 3.0 жаңа ұрпақ желісі жағдайында Phygital — өзара әрекеттесу екі кеңістіктің қосылысы Physics (физикалық) және Digital (цифрлық) болып табылады. Д.Стиллман арнайы зерттеулер нәтижесіне сүйене отырып Phygital — өзара әрекеттесу Z ұрпаққа тән басты ерекшелік, осыдан келіп жаңа ұғым phygital ұрпақ деген атау пайда болғандығына тоқталған, Сонымен қатар, Стиллман жаңа ұрпақ бойындағы сапаларға коммуникативтілікті, персоналықты, тәжірибелікті, мотивацияны жатқызады [3]. Шынымен де бүгінгі Z ұрпақ бойында коммуникативтіліктен басқа, сенімділік, өзіне бағдар, еркіндік, креативтілік, сыни тұрғыдан ойлау байқалуда. Аталған сапалардың барлығы дерлік XXI ғасыр дағдыларына толықтай сәйкес. Әрине, бұл адами сапалар өздігінен пайда болмайтындықтан мұнда білім беру мен тәрбиенің маңызы зор.
«Қазіргі жастар – шынында да, цифрлық аборигендер, олардың тұлғалық дамуында, әлеуметтік мінез-құлқында, когнитивті дамуында, тіпті миының дамып-жетілуінде интернет ерекше рөлге ие», «Әлеуметтік жағдайда балалар әңгімелесудің жаңа нормалары мен үлгілерін жасап шығарып, өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін онлайн-ортаны бірігіп қалыптастырады» — деп Патрисия Уоллейс интернеттің адам мінез-құлқына әсерін «Интернет психологиясы» атты еңбегінде берген. Еңбекте киберкеңістіктің психологиялық қырлары, онлайн-танысу, онлайн агрессия, проәлеуметтік мінез-құлық, онлайн ойындар, құпиялық және бақылау, желіге тәуелділік пен желіні қалыптастырудың стратегиялары сияқты өзекті мәселелер қарастырылады [4, б. 15].
Зерттеуші А. Янг 2014 жылы төменгі сынып оқушылары арасында жүргізілген зерттеулері негізінде балалардың интернет желісіндегі әрекеттерінің белгілі бір «қауіпке» (риск) апаратындықтары жөнінен бейхабар екендіктері туралы айтады. Балалардың ойынша интернет желісіндегі барлық әрекеттер қауіпсіз. Олар пост жасау немесе репост жасау, материалды жүктеу және достарымен алмасуды үйреншікті нәрсе деп есептейді. Алайда аталған әрекеттер өзімен бірге қауіп-қатерді де ала келеді, өйткені кей жағдайда желіде ұсынылған материалдар, ой-тұжырымдар шындыққа жанаспауы, көпшілікке ұсынуға келмейтін немесе болмайтын болуы да мүмкін. Интернет желісіндегі материалдар шынайы факт болып көрінгенімен жалған ақпарат болып шығуы мүмкін [5, с. 42-50]. А. Янг көтерген мәселе цифрлық сауаттылыққа байланысты.
Цифрлық этикет не үшін қажет және оның перспективасы неде?
Бүгінде ел азаматтарының цифрлық сауаттылық деңгейі анағұрлым артқан. Цифрлық кеңістік, онлайн орта, интернет-этикет, онлайн-тәрбие, интернет психологиясы, цифрлық технология – шынайы әлемнің жалғасы, ол да этикет пен өзара қарым-қатынастың қарапайым ережелеріне бағынады. Цифрландырылған өмір сүру деңгейі жоғары қоғамдағы адамдар рухани маңызды мәселелерді шешуге ұмтылады.
Цифрлық этикет желіде қарым-қатынас орнату ережесі болып табылады. Онлайн-қарым-қатынас түсініспеушілікке, конфликтті жағдайға апармауы үшін цифрлық мінез-құлықты сақтаған әрине дұрыс.
Цифрлық этикет түрлері: желілік этикет – цифрлық мобильді құралдарды пайдалана отырып ақпаратты тарату кезіндегі қарым-қатынасқа түсушілердің мінез-құлық ережелері, электрондық хат алмасу этикеті – іскерлік және жеке хат алмасу жағдайында байланысқа қатысушылар арасындағы хабарламаларды жазу және алмасу ережелері; мобильді этикет – қоғамда бір-бірімен қарым-қатынас жасау кезінде мобильді байланыс құралдарын пайдалану ережелерінің жиынтығы. Олай болса, виртуалды кеңістікке этикет ережелері аса қажет.
Бүгінде цифрлық этикеттің 7 міндетті ережесі кеңінен таралған.
- Жұмысқа жауапты болатын уақытты анықтаңыз және сол кесте бойынша жұмыс жасаңыз.
- Нақты есіміңізді пайдаланыңыз. Сіздің аты-жөніңіз мессенджерлер мен Zoom қолданбаларында анық көрсетілуі керек. Лақап ат қолданбаңыз. Сондай-ақ, аватарыңызға кез келген сурет салмаңыз. Көңіліңізге жаққан фотосурет болмаса, аватарды бос қалдырыңыз.
- Видео арқылы сөйлесетін болсаңыз, әңгімелесушінің бейнесін назарда ұстаңыз.
- Дыбыстық хабарлама жібермеңіз. Дыбыстық хабарламаны бірнеше мәрте тыңдау қажет болады. Сондықтан негізгі ойларды қабылдауда жазбаша хабарлама әлдеқайда ыңғайлы.
- «Достар» қатарына қосылуға сұраныс жіберген профильдердің барлығын қабылдау міндетті емес. Бүгінде шынайы өмірден гөрі әлеуметтік желіде «дос» болу әлдеқайда оңай. Бірақ барлық өзіңіз қалаған немесе қаламаған адамдармен байланыс орнатудың қажеті жоқ. Әлеуметтік желідегі парақшаңызда өзіңіз туралы қалағаныңызды жариялауға құқығыңыз бар. Сондай-ақ оны тек достарыңыз бен парақшаңызға жазылған адамдардың көруге немесе танысуға құқығы бар. Желідегі достар шеңберін шектеу белгілі бір құпиялылықты тудырады.
- Home-office ұйымдастырыңыз. Өзіңізді психологиялық және физикалық тұрғыдан жайлы сезінетін кеңістік құрыңыз. Ол үйдегі жұмыс орныңыз болуы да мүмкін.
- Әдепті және ұқыпты сыртқы келбетке ие болуды ұмытпаңыз.
Мінез-құлық мәдениетінің маңызды саласы ретінде цифрлық этикетті моральдық нормалар мен принциптер негізінде жасалған нақты білім беру-тәрбие жүйесінсіз қалыптастыру мүмкін емес. Бүгінде этикет нормаларының мазмұны қоғамдағы қатынасты гуманизациялаумен байланысты.
Олай болса, бүгінгі Z ұрпақ үшін цифрлық этикетті қалыптастыруға назар аудару — заманауи білім беру жүйесі үшін аса маңызды. Цифрлық этикетті қалыптастырудың білім алушылар үшін маңызы зор, өйткені олар үшін виртуалды кеңістік арқылы теориялық-практикалық білім мен іскерлікті, дағдыны дамыту уақыттың талабы.
Этикет формаларында терең моральдық қасиеттер орын алады. Моральдық нормалар мен принциптер өзара қарым-қатынас процесінде адамдардың мінез-құлық тәжірибесі арқылы қалыптасады. Алайда олар өздігімен қалыптаспайды, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық институттар тарапынан белгілі бір көмекті талап етеді. Қайсыбір қоғам болмасын өз азаматтарына қамқорлық жасаумен бірге, оларда адамгершілікті қатынас мәдениетін қалыптастырып, өркениетті мәдениетті меңгертуі тиіс.
Осы орайда, цифрлық этикетті күнделікті этикетсіз қарастыру мүмкін емес, ол — қажеттілік. Өйткені, күнделікті қарым-қатынас мәдениетін танып-білу барысында адам оның рухани бастауына терең бойлайды, мәдениеттіліктің, білімнің, ғылымның, тәрбиенің шыңы екендігін түйсінеді.
Цифрлық этикет жеке тұлғаның қалыптасу механизмдері мен қарым-қатынас формаларының өзгеруіне әкелуде. Киберкеңістік ақпарат іздеу мен оны пайдалану құралы, қарым-қатынас пен виртуалды әрекет ортасы болып табылады да өсіп келе жатқан ұрпақтың мінез-құлық стереотиптерін қалыптасыруға ықпал етеді.
Біріккен ұлттар ұйымы жобасында XXI ғасыр ұрпақтарына қажет басты сапаға қалыптасқан білім, сын тұрғысынан ойлау және рефлексивті іс-әрекет жатқызылған. Мұндағы қалыптастырылған білім – өмір бойында білім алуға, тұлғалық және кәсіби өзін-өзі жетілдіруге мүмкіндік беретін ойлаудың ақпараттық-коммуникациялық типін дамыту болып табылады. Бүгінде көптеген елдерде әсіресе франкотілді мемлекеттерде ақпараттық-коммуникациялық ресурстар білім беру процесінде оқыту құралдары ғана емес, заманауи ақпараттық қоғамда белгілі әрі қажетті дағдыларды, іскерліктерді қалыптастырушы негізгі шарттар ретінде қолданылуда.
Олай болса, цифрлық педагогикалық жүйеде этикетті дамыту атап айтқанда, цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін қолдана отырып ақпаратты іздеу, жинақтау, қолдану, ақпараттарды білім көзіне айналдыру, білім қорын молайту, цифрлық ортада жаңа элементтер мен бағдарламалар құру, ақпараттармен жұмыс жасау мәдениетін, өз позициясын қалыптастыру, киберкеңістікті сезіну, цифрлық құзіреттіліктерді, өзгелермен бірлесе жұмыс жасау дағдысын дамыту, таным мен қарым-қатынаста электрондық құралдарды пайдалану ережелерін қалыптастыру ғылыми ортадағы басты мәселелер.
Қолданылған әдебиеттер:
- Культурология. Краткий словарь / Ред. Кефели Н.Ф. Санкт-Петербург, 1985, 397 с.
- Титаренко А.И. Структуры нравственного сознания. Москва: Мысль, 1974.
- Стиллман Д., Стиллман И. Поколение Z на работе. Как его понять и найти с ним общий язык / пер. с англ. Ю. Кондукова. М.; Манн, Иванов и Фербер, 2018.
- Уоллейс П. Интернет психологиясы. – Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2019. – 356 бет.
- Почобут С.Н. Цифровой этикет: образовательные стратегии // Дискурс. 2022. Т. 8, № 4. С. 42-50.
Мақаланың сілтемесі:
Membership in the WTO: Prospects of Scientific Researches and International Technology Market: Materials of the VIII International Scientific-Practical Conference. In two volumes. Volume II – Edmonton (Canada): Regional Academy of Management, 2023. – 327 p. ISBN 978-601-7496-26-5