«Оn-line community» цифрлық кеңістігіндегі коммуникация формалары мен қағидалары

Цифрлық кеңістіктегі тұлғааралық қарым-қатынас екі немесе одан да көп адамдар арасында жүреді және келесідей негізгі формаларды қамтиды:
- Жедел хабарламалар:
— Хабар алмасу қосымшалары (WhatsApp, Telegram, Viber) нақты уақыт режимінде мәтіндік хабар алмасуға арналған. Олар көбінесе медиа файлдарды тасымалдау қызметтерін (фотосуреттер, бейнелер, аудио хабарламалар), дауыстық және бейне қоңырауларды қамтамасыз етеді.
— Әлеуметтік медиа (Facebook Messenger, VKontakte): хабарламалармен қатар, бұл платформалар мәртебені жариялау, пікір қалдыру, кері байланыс жасау сияқты кең ауқымды мүмкіндіктерге арналған.
- Электрондық пошта. Электрондық пошта ресми және іскерлік қарым-қатынас үшін маңызды құрал болып табылады. Пошта құжаттар мен файлдарды тіркеуге және үлкен көлемдегі хабарламалар жіберуге арналған.
- Бейне қоңыраулар мен бейнеконференциялар. Бейне байланыс бағдарламалары (Zoom, Skype, Microsoft Teams) бейне қоңыраулар шалуға немесе топтық бейнеконференциялар ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе іскерлік және алыс қашықтықтағы тұлғааралық қарым-қатынастар үшін өте маңызды.
- Форумдар мен чат-румдар. Бұл платформалар пайдаланушыларға бір-бірімен қызығушылықтары немесе ортақ мәселелері бойынша бірігуге, өзара ашық және анонимді сөйлесуге мүмкіндік жасайды.
Цифрлық кеңістіктегі топаралық қарым-қатынас ұжымдар арасындағы өзара әрекеттесуді білдіре отырып, төмендегідей негізгі формаларды қамтиды:
- Әлеуметтік медиа. Facebook, VKontakte, Reddit топтары мен қауымдастықтары пайдаланушыларға мазмұн мен ақпаратты бөлісу арқылы қызығушылық топтарын, тақырыптық қауымдастықтарды құруға мүмкіндік береді.
- Форумдар мен талқылаулар. Stock Exchange, Reddit сияқты платформаларда қатысушылар әртүрлі ортақ мәселелер бойынша ұзақ және терең талқылаулар жүргізе алады.
- Ұжымдық жұмыс кеңістігі. Ұжымдық жұмыс құралдары (мысалы: Microsoft Teams, Slack, Trello) жобалармен бірлесіп жұмыс істеуге, файлдармен бөлісуге, кездесулерді жоспарлауға және пікірталастар жүргізуге арналған.
- Вебинарлар мен онлайн семинарлар. Zoom, Webex, GoToWebinar платформалары мамандар мен мүдделі адамдар тобына талқылау, презентация жасау, өзара пікірталас және сұрақ-жауап жүргізу мүмкіндіктерін ұсынады.
- Онлайн ойындар: Интернеттегі world of Warcraft, Fortnite, League Of Legends сияқты ойын платформалары ойыншыларға нақты уақыт режимінде өзара байланысатындай ақпараттық кеңістік жасайды.
Онлайн байланыс тек жергілікті деңгейде ғана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейде де өзара әрекеттесудің бірегей мүмкіндіктерін ұсынады. LinkedIn сияқты кәсіби желілер пайдаланушыларға бүкіл әлем бойынша әріптестер мен әлеуетті серіктестерді табуға мүмкіндік береді, бұл іскерлік ынтымақтастықтың көкжиегін айтарлықтай кеңейтеді. Зерттеулер көрсеткендей, онлайн-желілік платформаларды белсенді қолданатын мамандардың табысты жұмысқа орналасу және мансаптық өсу мүмкіндігі жоғары.
Интернеттегі байланыс нысандары қауымдастықтарды құруда және қолдауда маңызды рөл атқарады. Әлеуметтік желілер мен форумдар ортақ мүдделері бар адамдарға бірігуге, тәжірибе мен ресурстармен алмасуға мүмкіндік береді. Мысалы, белгілі бір хобби немесе кәсіби қызығушылықтар төңірегіндегі қауымдастықтар өзара әрекеттесу және пікірлес адамдардан қолдау алу платформаларын ұсынады. Бұл сонымен қатар, білім беру және кәсіби салада бағаланатын қатысушылардың білімі мен дағдыларын кеңейтуге ықпал етеді.
Ал, цифрлық кеңістіктегі тұлғааралық және топаралық қарым-қатынас қағидалары сәтті өзара әрекеттесуде маңызды рөл атқарады. Осы қағидаларды түсіну және қолдану қарым-қатынас сапасын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар олардың географиялық орналасуы мен мәдени айырмашылықтарына қарамастан қатысушылар арасында берік, әрі өзара сенімді байланыс орнатуға мүмкіндік жасайды. Бұл қағидалардың онлайн жиналыстар мен талқылаулар, конференциялар ұйымдастыру кезінде де ескерілгені жөн.
Цифрлық кеңістіктегі тұлғааралық және топаралық қарым-қатынас адамдар мен топтар арасындағы тиімді қарым-қатынасты қамтамасыз етуге көмектесетін бірқатар қағидаларға негізделген. Тұлғааралық және топаралық қарым-қатынас жасаудың ортақ қағидаларына:
- Ашықтық: интернеттегі қауымдастықта өзара сенім орнату үшін қарым-қатынасқа ашық болу.
- Құрмет пен төзімділік: басқа қатысушылардың пікірлері мен көзқарастарын құрметтеу.
- Белсенді тыңдау: өз пікірін білдіру ғана емес, сонымен қатар басқа қатысушылардың көзқарастарын белсенді тыңдау және ескеру.
- Этикалық ережелерді сақтау: қарым-қатынаста қорлауға, балағаттауға, жеке басқа тиісуге жол бермеу, жанжалдарды тудырмай, этикалық принциптерді сақтау және т.б. жатады.
- Құпиялылық және қауіпсіздік: жеке ақпараттарды қорғау шекараларын сақтау қажет. Сұхбаттасушының жеке кеңістігін құрметтеу және құпия деректермен бөлісуден сақ болу аса маңызды.
Сонымен қатар, топтар арасындағы тиімді қарым-қатынас үшін кездесудің немесе талқылаудың мақсаттары мен күн тәртібін алдын-ала анықтап алған жөн. Бұл қатысушыларға талқыланатын тақырыптарға дайындалуға және өзекті тұстарына назар аударуға көмектеседі. Одан бөлек, топаралық байланысқа қатысушылар әртүрлі мәдениеттер мен көзқарастарды ұсына алады. Мәдени айырмашылықтарды құрметтеу және толеранттылық өзара түсіністік пен ынтымақтастықты жақсартуға ықпал жасайды.
Цифрлық кеңістіктегі мінез-құлық ережелері цифрлық өзара әрекеттесу барысында жалпы адамгершілік пен сыпайылық ережелерінің көрінісі болып табылатын бірқатар қағидаларға сүйенеді. Желілік этикеттің негізгі қағидаларына тоқталатын болсақ:
- Сұхбаттасушыны құрметтеу принципі: онлайн қарым-қатынас барысында экранның екінші жағындағы адамның сезімін, сенімін ескеріп, дөрекілік, агрессия, қорлау және жеке басына нұқсан келтіретін мінез-құлық танытуға жол бермеу.
- Өз сөздері үшін жауапкершілік принципі: виртуалды ортада сөздер нақты әлемдегі сияқты үлкен күшке ие болуына орай, желіде орналастырған ақпаратты мұқият өлшеп, дұрыс түсіндірілмеуі немесе қарсы қолданылуы мүмкін екенін есте ұстау.
- Авторлық құқықты сақтау принципі: автордың рұқсатынсыз мәтіндерін, фотосуреттерін, бейнелерін және басқа да материалдарын көшіру және тарату заң мен желілік этика нормаларын бұзу болып табылады. Зияткерлік меншікті құрметтеу және басқа адамдардың материалдарын пайдалану кезінде әрқашан авторлықты көрсету маңызды.
- Сауаттылық пен дұрыс сөйлеу принципі: сауатты жазбаша сөйлеу – бұл білімнің көрсеткіші ғана емес, сонымен бірге әңгімелесушіге құрмет көрсету. Орфография мен тыныс белгілерін қадағалау, ресми хат алмасуда жаргондардан аулақ болу, ойды нақты және түсінікті тұжырымдау маңызды.
- Құпиялылық принципі: басқа адамдар туралы жеке ақпарат пен деректерді (мекен-жайы, телефон нөмірі, жұмыс орны) және адамның беделіне нұқсан келтіруі мүмкін мәліметті рұқсатсыз және келісімінсіз таратпау.
- Ақпараттың өзектілігі мен орындылығы принципі: қарым-қатынас барысында сайттың, форумның немесе топтың тақырыбына сәйкес ақпаратты жариялау маңыздылығын ескеру және талқылау тақырыбына қатысы жоқ қосымша ақпарат, хабарламаларды шамадан тыс жүктемеу.
- Қарым-қатынас барысында уақыты құрметтеу принципі: онлайн-коммуникацияда уақыт та құнды ресурс болып табылады. Сондықтан сөздердің қысқа болуы, шамадан тыс қайталанбауы, түсінікті және жүйелі болуы маңызды.
- Әр түрлі көзқарастарға толеранттылық принципі: виртуалды орта әртүрлі көзқарастары, сенімдері және мәдени негіздері бар адамдарды біріктіреді. Осы орайда өзара көзқарастар сәйкес келмеген жағдайда да толеранттылық таныту маңызды. Алайда жеке тұлғаға көшу және қорлауға жол берілмеуі керек.
- Сыни тұрғыдан ойлау принципі: интернет желісінде сенімсіз, бұрмаланған немесе жалған ақпараттың кездесуіне орай, сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын дамыту, әртүрлі көздерден алынған ақпаратты тексеру, барлық жарияланымдар мен түсініктемелерге мұқият болуға ықпал етеді.
- Тарататын контент үшін жауапкершілік принципі: репост жасау немесе кез келген материалға сілтеме жасау арқылы оның мазмұнын және оны таратудың ықтимал салдарын білу маңызды.
Осы негізгі қағидаларды басшылыққа алу интернеттегі ыңғайлы, қауіпсіз және өнімді коммуникативті ортаны қалыптастыруға әсер етеді. Желілік этикет қатып қалған ережелер жиынтығы емес, цифрлық ортадағы адамдардың өзара әрекеттесу үдерісінде қалыптасатын қарқынды дамып келе жатқан нормалар жүйесі екенін есте ұстаған абзал.
Ғылыми мақалаға сілтеме:
Suleimenova Zh.T., Seiitkazy P.B. Forms and principles of interpersonal, intergroup communication in the digital space of the «on-line community» // Proceedings of the 7th International Scientific Conference «Interdisciplinary Science Studies» (October 10-11, 2024). — Dublin, Ireland, 2024. – 85-90 p. https://doi.org/10.5281/zenodo.13927014



