Цифрлық ортада трансверсалды құзыреттілікті қалыптастырудың маңыздылығы
Цифрландыру – бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуды және халқының тұрмыс сапасын жаңа деңгейге көтеруді мақсат тұтқан әлем мемлекеттері жаппай ұстанып отырған тренд. Білім саласындағы цифрландырудың басты міндеті білім беру сапасын арттыру, халықаралық деңгейде «жасанды интеллект» және «ауқымды деректер» жасау саласында бәсекеге қабілетті трансверсалды құзыретті маман дайындаудағы өзекті мәселелерді шешу болып табылады.
2000-жылдардан бері қарай, республика көлемінде білім беру саласының цифрландыруына, болашақ мамандардың цифрлық сауаттылықтары мен мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ауқымды зерттеу жұмыстары орындалды. Олардың ішінде диссертациялық, дипломдық зерттеу жұмыстары, ғылыми-тәжірибелік конференция, семинар аясында жарық көрген ғылыми мақалалар бар. Қазақстандық зерттеушілер осы мәселені зерделеген Америка және Батыс елдеріндегі (L.Mаstеrmаn, D.Ifenthaler т.б.) және көршілес Ресейдегі ғалымдардың (А.А. Новикова, Т.С. Моспан және т.б.) еңбектерін негізге ала отырып, әр түрлі бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жариялауда.
Атап өтетін болсақ, отандық ғалымдардың ішіндегі Г.Қ.Нұрғалиева, Г.Б. Ахметова, Ғ.Б.Саржанова және т.б. зерттеулерінде aқпарттық технологияларды оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану мәселелері, кoмпьютер құрaлдарының білім беру жағдайындағы қaжеттілігі мен мүмкіндіктері қарастырылған. Aл, медиабілім беру, цифрлық сауaттылық пен мәдениетті қaлыптастырудың маңыздылығы мен оны тәжірибеде жүзеге aсыру жолдары, сондай-ақ БAҚ және цифрлық құралдарды білімдік және тәрбиелік мақсатта пайдалану мәселелері соңғы жылдары E.Ж.Мaсaнoв, А.К.Абдиркенова жәнe т.б. ғалымдардың еңбектерінде қарастырылды. Осы аталған зерттеу жұмыстарына сүйенетін болсақ, цифрландырудың екі жағы бар. Бір жағынан ол арқылы білім берудің ашықтығын, мобильділігін, оқу үдерісінің тартымдылығын, көрнекілігін және білім беру ұйымдарының өзара әрекеттестігінің желілік моделін дамытуға болады. Екінші жағынан, цифрландыру жаңа білім беру жағдайын құруға, білім беру жүйесіне жаңа өзгерістердің енуіне алып келеді. Цифрландыру оқыту үдерісінде оқытушы мен студенттің рөліне айтарлықтай өзгерістер енгізеді және бұл жағдай олардың бейімделуін және үнемі дамуын, өзгеріп отыруын талап етеді. Онлайн білімге көшу, виртуалды білім беру ортасын құру білім беру ұйымын басқаруды өзгерту қажеттілігін тудырады. Егер, бұл өзгерістер өз деңгейінде іске аспаса, онда цифрландыру теріс салдарға әкеліп соқтыруы да мүмкін.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев 2020 жылы жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында цифрландыруға «сəнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бəсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы», — деп баға берді. Цифрландырудағы негізгі мақсат – бәсекеге қабілеттілікті арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, оқу-тәрбие процесін жеделдету және жеңілдету, білім беру субъектілерінің жүктемесін азайту. Ең бастысы – білім беру сапасын арттыру. Сондықтан да, цифрлық орта жаһандық трансформациялық үдерістерді ескеру негізінде әлемдік деңгейдегі болашақ маманның трансверсалды құзыреттілігінің қалыптасуына ықпал етеді. Цифрландыру мәселесіне айрықша мән беру – мемлекет қойып отырған маңызды стратегиялық міндеттердің бірі «білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлауда» тиісті рөл атқарады.
Соңғы жылдары еліміздің білім беру жүйесінде жасалынып жатқан реформалар білімді, алғыр, бәсекеге қабілетті, жауаркершілікті өздеріне ала білетін, коммуникативті, медиасауатты, креативті, сыни тұрғыдан ойлай білетін, дұрыс шешім қабылдап, таңдау жасай алатын, мақсаттар қойып, оған қол жеткізе білетін, ұлттық құндылықтарымызды аялайтын, елімізді бүкіл әлемге паш ете алатын рухани қайратты, трансверсалды құзыреттілікті игерген болашақ мұғалімдер дайындауға бағытталып отыр. Өйткені, бүгінгі таңда ЖОО-ның негізгі мақсаты – қоғамның барлық қажеттіліктерін қанағаттандыра отырып, цифрлық технологияларды қолдана алатын, еңбек нарығында икемділік пен креативтілікке ие, топта жұмыс атқара алатын және өз бетінше шешім қабылдауға қабілетті, өз кәсіби шеберлігі мен азаматтық, мәдениетаралық танымдары арқылы қоғамға жаңаша серпін бере алатын кәсіби мамандар даярлау болып табылады.
Трансверсалды құзыреттілік еңбек нарығының сұраныстарын қамтамасыз ету үшін шешуші мәнге ие, сондықтан да, кейбір зерттеу жұмыстарында бұл құзыреттілік жұмыс жасауға деген дағды немесе қабілет деп көрсетіледі. Кейінгі жылдары трансверсалды құзыреттіліктің дамуына мейлінше ерекше көңіл бөлінуде. Аталған құзыреттіліктер өмірдің барлық салаларында қолданылуда және даму үстінде, өйткені, бүгінгі күні бұл құзіреттіліктерді, дағдыларды меңгермейінше қоғамның сұраныстарын қанағаттандыру белгілі деңгейде айтарлықтай қиындықтар туындататыны анық мәселе.
- Goggin, I. Sheridan, «Towards the Identification and Assessment of T ds the Identification and Assessment of Transversal Skills ersal Skills» зерттеулеріне сүйенсек, қазіргі уақытта дағдылар мен құзыреттердің мәні туралы халықаралық консенсус жоқтың қасы. Дағдылар мен құзыреттердің анықтамалары Еуропалық Комиссияның ресми құжаттарында әртүрлі болады. Үздіксіз білім алудың негізгі құзыреттері туралы ұсыныс және өмір бойы білім алудың Еуропалық біліктілік шеңберін құру туралы ұсыныс осының дәлелі болып табылады. Бірінші ұсыныста «біліктілік» пен «дағдылар» құрамдас бөлік деп қолданылса, екіншісі «білім» жоғарыдағы екі ұғыммен бір деңгейде деп қарастырады. Бұл өз ретінде трансверсалды дағдылардың анықтамасы бойынша ортақ ереже табуда қиындық тудыруда. Тар мағынада шеберлік дегеніміз бір нәрсені жақсы істей білу. Трансверсалды дағдылар жұмсақ дағдыларды (мысалы, қарым-қатынас, мәселелерді шешу қабілеттері, топтық жұмыс және мотивация сияқты) қамтитын жалпы дағдылар деп аталады, сонымен қатар АКТ, тілдік және когнитивтік дағдыларды (бірлесу, келіссөздер жүргізу және ақпарат алмасу сияқты) қамтиды. Трансверсалды дағдылардың еңбек нарығында, білім берудегі және басқа да көптеген өмірлік және әлеуметтік салалардағы маңыздылығына қарамастан, олар әрқашан қол жеткізу және бағалау үшін жеткілікті түрде көріне бермейді.
В.А.Кононованың «Трансверсальность: эволюция термина через призму корпусов и других контекстов» атты ғылыми жұмысында автор трансверсалды дағдылар терминінің эволюциясы XIX ғасырдағы математикалық шеңберлермен шектелген контексттерінен іздеуге тырысады. Соңғы онжылдықта «трансверсальды дағдылар (трансверсальды құзыреттілік)» термині пайда болды, және ол қазіргі заманғы білімге негізделген қоғамда сұранысқа ие жеке дағдылардың сапалық сипаттамаларын ұсыну кезінде қолданылуда деп қорытынды жасалады.
Еңбек нарығы қойған міндеттерді орындау үшін техникалық құзыреттіліктер жеткіліксіз. Қоршаған ортамен қарым-қатынасты, іскерлік қатынасты және мәселелерді шығармашылықпен шешу қабілетін қалыптастыруға көмектесетін трансверсалды құзыреттіліктерді дамыту заман талабы десек болады. Цифрлық ортаның мүмкіндіктері трансверсалды құзыреттіліктері қалыптасқан болашақ мамандарды даярлауға қолайлы жағдай туғызады.
Жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес, ХХІ ғасыр дағдыларын игерген бәсекелестікке қaбілетті, трансверсалды құзыретті мамандар цифрлық қоғамдағы ақпараттар легіне ілесе алатын, цифрлық және ақпараттық технологияларды еркін қолдана білетін және педагогикалық іс-әрекетті тиімді жүзеге асыруда көптеген құзыреттіліктерді бойына жинаған трансверсалды тұлға болуы маңызды.
Жоба жетекшісі, п.ғ.д., профессор
Сейітқазы Перизат Байтешқызы