Мақалалар

Студенттердің цифрлық этикетін дамытуға медиабілімнің әсері

Бүгінгі коғамдағы маңызды рөл атқаратын цифрлық технологиялар мен медиа ресурстар студенттердің өмірінде ақпарат пен байланысқа қол жеткізуге көптеген мүмкіндіктер береді. Алайда, бұл мүмкіндіктер цифрлық ресурстарды пайдаланумен байланысты жаңа этикалық қажеттіліктерді туындатады. Қоғамның болашақ көшбасшылары болып табылатын студенттердің осы цифрлық трансформацияның ортасында болуы және олардың цифрлық ортаға деген көзқарасытары жалпы қоғамның болашағына терең әсер етеді.

Медиабілім цифрлық ортада этикалық дағдылар мен этикалық әрекет, мінез-құлықты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ, медиабілім беру студенттердің цифрлық этикасын дамытуға және цифрлық технологияларды, ақпараттық сауаттылық пен сыни ойлауды дамытуға ықпал етеді. Бұл тақырыптың өзектілігі студенттерді медиабілім беру арқылы цифрлық қоғамдағы этикалық өзара әрекеттесуге дайындауға, сонымен қатар ақпараттық сауаттылық пен цифрлық азаматтыққа да қатысты болып отыр.

Цифрландырудың жылдам қарқынмен дамуы техникалық құрылғылар мен интернетті әртүрлі мақсаттарда, соның ішінде білім беру, жұмыс, коммуникация және ойын-сауық үшін пайдаланушылардың үлес салмағының артуына әкелуде. Бұл дегеніміз, студенттердің көпшілігі күнделікті цифрлық технологиялармен бетпе-бет келуін және цифрлық этикет дағдыларын дамытуды қажет ететіндігін айқындайды.

Бүгінгі жастардың өмірінің ажырамас бөлігіне айналған әлеуметтік желі, әр түрлі мақсат пен контенттегі платформалар, онлайн ойындар және т.б. пайдалану оң әсерімен қатар, теріс тұстары да бар. Ал оны алдын алудың бір жолы ретінде осы цифрлық этикетті қарастырамыз. Әлеуметтік желі, онлайн қарым-қатынас пен цифрлық медианы дамыта отырып, студенттерге цифрлық әлемде қалай дұрыс қарым-қатынас жасау және өзін ұстау керектігін түсіну маңыздылығы ескеріледі.

Қазіргі еңбек нарығы болашақ мамандардың цифрлық және медиа дағдыларына мән береді. Ол өз кезегінде цифрлық этикетті дамытуды алға тартады. Себебі цифрлық ортадағы онлайн коммуникация өзара сыйластыққа, құрметке негізделген.

Демек, студенттер арасында цифрлық этикетті дамытудың өзектілігі, жеке және кәсіби дамуына ықпал ете отырып, цифрлық қоғамның жауапты және саналы қатысушылары болуға бағыттау. Ал осы өзектілігі айқындалған цифрлық этикетті дамытуда медиабілім берудің әсері жоғары.

Зерттеу тақырыбы аясында студенттердің цифрлық этикетін дамытудағы медиабілімнің әсерін келесі аспектілермен қарастырамыз:

Біріншіден, медиабілім беру студенттерге цифрлық технологияларды қолданудың негізгі қағидалары мен ережелерін түсінуге мүмкіндік береді. Бұл оларға жеке деректерді қорғау, интернетті қауіпсіз пайдалану және кибербуллингтен қорғау сияқты күрделі цифрлық қауіпсіздік мәселелерін түсінуге көмектеседі. Студенттер цифрлық ортадағы қауіптерді тануды және өздерін, жеке деректерін қорғау үшін тиісті шараларды қабылдауды үйренеді.

Екіншіден, медиабілім беру студенттердің цифрлық ақпаратқа қатысты сыни ойлауын дамытуға ықпал етеді. Яғни, интернеттен алған ақпараттың сенімділігі, сапасын талдауға және бағалауға үйренеді. Бұл оларға жалған ақпарат таратудан аулақ болуға және цифрлық ортада сапалы деректермен жұмыс істеуге көмектеседі.

Медиабілім берудің үшінші маңызды аспектісі – эмпатияны дамыту және цифрлық технологиялардың қоғамға және тұлғааралық қатынастарға әсерін түсіну. Студенттер цифрлық ортадағы әрекеттері мен олардың айналасындағыларға әсеріне деген жауапкершілікті білуге үйренеді. Яғни онлайн қауымдастықтарда этикалық мінез-құлық және әлеуметтік желілерде толеранттылық таныту, құрметпен қарым-қатынас жасау дағдыларын дамытады.

Төртіншіден, студенттер авторлық құқық ережелері туралы білулері және интернеттегі ақпаратты, соның ішінде дәйеккөздерді, суреттерді пайдалану және мазмұнды тарату кезінде олардың этикалық тұстарын түсінулері керек. Олар басқа авторлардың зияткерлік меншігін құрметтеп, қабылданған нормалар мен ережелерге сәйкес материалдарды пайдалануға дағдыланғандары маңызды.

Медиабілім берудің бесінші аспектісі ретінде әлеуметтік медиа және онлайн коммуникациядағы теріс мінез-құлықты, яғни қорлау, кемсітушілік немесе теріс мінез-құлықтың басқа түрлерінен аулақ бола отырып, артық әрекеттер мен сөздерінің онлайн ортадағы салдарын білу қарастырылады.

Сонымен, медиабілім беру студенттердің цифрлық және ақпараттық сауаттылығын, цифрлық технологияларды тиімді пайдалануын, цифрлық ортада этикалық аспектілер туралы түсінікті дамытады.

Қорытындылай келе, медиабілім студенттердің цифрлық этикасын дамытуда отырып,  жауапты және этикалық цифрлық қоғам құруға ықпал етеді.

 

Жоба бойынша кіші ғылыми қызметкер, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Педагогика және психология» ББ-ның  докторанты  Ырымбаева Н.А.

 

Сборники Международной научной конференции студентов и молодых ученых «ǴYLYM JÁNE BILIM — 2024»BILIM – 20

https://smart.enu.kz/api/serve?path=/general/files/273bce42-d566-4c60-9d78-4f77d5484347.pdf

Басқа материалдар

Back to top button