Зерттеулер

Жоғары білім беруді цифрландыру: трендтер және олардың ерекшеліктері

Ғылыми әдебиеттерді талдау біздерге қазіргі уақыттағы жоғары білім беруді цифрландырумен байланысты төрт трендті бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Олар:

— аралас оқыту;

— онлайн-білім беруді дамыту;

— виртуалды (цифрлық) білім беру ортасын құру;

— білім беру ұйымдарын басқару тәсілін өзгерту.

Жоғарыда аталған трендтер бір-бірімен өзара тығыз байланысты, әрі әрқайсысының өзіндік ерекшелігі мен өзіндік әлеуметтік әсері болғандықтан оларды жеке-жеке қарастырған жөн деп санаймыз.

 Аралас оқыту (Blended Learning). Аралас оқыту дәстүрлі білім беру бағдарламалары мен оқу пәндеріне цифрлық құралдар мен технологияларды ендіруді немесе дәстүрлімен қатар онлайн оқытуды сабақтастыра жүзеге асыруды білдіреді. Яғни, аралас оқыту компьютерлік графика, аудио және видео, интерактивті элементтер және т.б. сияқты арнайы ақпараттық технологияларды пайдаланатын, аудиториялық оқытудың дәстүрлі түрлерінің электрондық оқыту элементтерімен үйлесуі.

Аралас оқытуда арнайы платформаларды, чат-боттарды пайдалану кеңінен тәжірибеге енген. Чат-боттар сияқты жасанды интеллектке негізделген цифрлық технологиялар оқу процесін ұйымдастыруда өте пайдалы. Студенттер чат-ботты қолдану арқылы тез арада қажетті әдебиеттерді табуға немесе өз сұрақтарына жылдам жауап алуға мүмкіндік алады. Бұл технология студенттер үшін нағыз көмекші құрал  бола отырып, олардың оқу әрекеттерінің нәтижелігін арттырады, оқу материалдарына қолжетімділігін жеңілдетеді.

Аралас оқытудың қағидаларына бірінші жүйелілікті жатқызуға болады.  Нәтиже болуы үшін оқытудағы жүйелілік маңызды: студент алдымен материалды қарап, танысуы керек, содан кейін оқытушыдан теориялық білім алып, оларды іс жүзінде пайдаланады. Сонымен қатар, дәстүрлі оқыту моделінен айырмашылығы, аралас оқыту кезінде студент әдістемелік материалдарға – бейне оқулықтарға, кітаптарға немесе әдістемелік құралдарға еркін қол жеткізуге мүмкіндік алады.

Онлайн білім беруді дамыту. Онлайн-білім берудің жеке цифрлық технологиялар мен құралдарды пайдаланудан айырмашылығы, бүкіл білім беру процесін онлайн режимге ауыстырумен байланысты: арнайы құрылған интернет-порталдарда онлайн курстарды әзірлеу және іске асыру, онлайн-бағалауды пайдалану, оқытуды ұйымдастыруға жауапты студенттер, оқытушылар, әкімшілік арасындағы онлайн-коммуникация (электрондық кесте, электрондық транскрипт және т.б).

Онлайн білім беру дәстүрлі білім беру моделімен салыстырғанда бірқатар артықшылықтарға ие. Бұл жоғары білімге кеңінен қол жеткізуге, оқу материалын бірнеше рет қайта қарап, оны меңгеру үдерісін жеңілдетуге, материалды игерудің ыңғайлы түрін таңдауға және сабақ кестесін өз бетінше құруға мүмкіндік береді, осылайша студенттердің білім беру траекторияларын жекелендіруді қамтамасыз етеді.

Цифрлық технологиялар негізінде онлайн оқыту білім беру процесін серпінді, қызықты және мобильді ете түседі. Жасалған электрондық оқу материалдарын (электрондық оқулықтар, презентациялар, бейнесабақтар және т.б.) бірнеше рет қайталап пайдалануға болады және бұл оқытушылардың сабаққа дайындалу уақытын үнемдеуге ықпал етеді. Білім беру үдерісіне енгізілген Socrative, Kahoot, Edmodo және Nearpod жүйелері оқытушыға интерактивті материалдармен алмасуға, нақты уақыт режимінде тапсырмалардың орындалуын бақылауға және бағалауға жағдай жасайды.

Онлайн білім берудің қарқынды дамуы туралы айта отырып, жаһандық әлеуметтік қауіптерді де елеусіз қалдыруға болмайды. Онлайн-оқыту қызметтерін ұсынатын интернет порталдар арасындағы, сондай-ақ онлайн-курстар арқылы өз ықпалын кеңейтуге ұмтылатын жоғары оқу орындары арасындағы бәсекелестік – бірін-бірі қайталайтын пәндер мен сапасыз оқу материалдарының артуына алып келеді. Интернет кеңістігіндегі кейбір оқу құралдары  жоғары білім беру жүйесіндегі оқу материалдарына қойылатын ең төменгі талаптарға да сай келмейді. Бұл жағдайда жоғары оқу орындарының түлектерін даярлау сапасының төмендеу қаупі туындайды.

Онлайн білім беру оқытушылар мен студенттер арасындағы қарым-қатынасқа да өз ықпалын тигізеді. Ең алдымен, білім беру жағдайының өзі өзгеретінін атап өткен жөн: дәстүрлі бетпе-бет әрекеттесудің орнына студенттер де, оқытушылар да бір-бірімен қашықтан, компьютер арқылы байланыс жасайды. Бұл жағдайда оқытушы мен студенттер арасындағы өзара кері байланыс өзгеше болады. Оқытушы үшін онлайн оқыту жағдайында да студенттердің қызығушылықтары мен оқу пәнін игеруге деген әлеуетін анықтау және оқу материалын игеру деңгейін бақылаудың тиімді формаларын табу маңызды.

Дәстүрлі білім беру жағдайында өзара кері байланысты орнату жеңілірек:  қосымша сұрақтар мен ескертулер арқылы студенттердің реакциясын мимика, ым-ишара арқылы түсінуге және бағалауға болады. Интернет-технологиялар арқылы диалогта эмоциялар мен сезімдерді көру қиын. Онлайн оқыту жағдайында бетпе-бет әрекеттесуді алмастыра алатын табиғи реакциялардың тиімді баламасы жоқ. Бұл жағдайда тек, бейне байланыс қана жақсы шешім болып табылады, бірақ оның өзі коммуникацияда көбіне тиімді бола бермейді.

Ауызша қарым-қатынастан жазбаша қарым-қатынасқа көшу студенттерден мәтіндермен жұмыс жасаудың ерекше дағдыларын қажет етеді. Студенттер презентациялар мен оқу материалдарынан ең маңызды, керек деген деректерді айшықтап көрсетуді, оқу материалын тереңірек игеруге көмектесетін сұрақтарды құрастыруды үйренуі қажет. Осы үдерістің тиімділігі оқытушылардың да, студенттердің де көп жоспарлы жазбаша қарым-қатынас дағдылары мен дайындығына, сонымен қатар уақытты басқару дағдылары, яғни өз бетінше жұмыс істеуге, өзара қарым-қатынас жасау және оқу пәні аясында жұмыс кестесін сақтау үшін уақытты дұрыс бөлу мүмкіндігіне тәуелді. Тайм-менеджмент дағдысының болмауы психологиялық ауыртпалықтарға және соның салдарынан болатын оқуға деген оқытушының да, студенттің де қызығушылығының жоғалуына әкеп соғуы ықтимал.

Сонымен қатар, интернет-технологиялар кезіндегі техникалық ақаулықтар, сыртқы қажетсіз шу, дыбыстар оқыту нәтижелеріне теріс әсер етуі мүмкін. Бұл жағдайда техникалық құралдардың сапасын қадағалап отыру өте маңызды. Сондай-ақ оқытушылар мен студенттерді интернет-технологиялар арқылы диалог жүргізуге алдын-ала дайындау керек. Мұнда интернет арқылы форумдар мен чаттарды қолданбай әрекет ету мүмкін емес, сондықтан қатысушылардың жаңа форматта қарым-қатынас орнатуға деген психологиялық дайындығының болғаны жөн.

Виртуалды (цифрлық) білім беру ортасын құру. Ақпараттық-коммуникативтік технологияларды, әлеуметтік медианы қолдану студенттерге ақпаратты тұтынушы ретінде ғана емес, сонымен бірге өзінің білімімен бөлісе алатын, кеңес бере алатын, шешім ұсына алатын адам ретінде әрекет жасауына мүмкіндік береді.

Заманауи цифрлық технологиялар дербес оқыту ортасын құруға жағдай жасайды. Жеке оқыту ортасын қалыптастыруда басты рөлді қарым-қатынас, ынтымақтастық және шығармашылық өзін-өзі көрсету арналары ретінде әрекет ететін әртүрлі желілік құралдар мен технологиялардың жиынтығы болып табылатын әлеуметтік медиа атқарады.

Ғалымдар білім беру үдерісінде белсенді қолданылатын әлеуметтік медиаға мыналарды жатқызады:

  • веб-блогтар немесе оңай құрылатын блогтар және авторларға интернетте ақпаратты бірден жариялауға мүмкіндік беретін веб-сайттар; олар оқытушылар мен студенттер арасындағы байланысты жеңілдетеді;
  • Wikis – кез-келген адам өзгерте алатын немесе веб-браузермен жаңа бет жасай алатын, бұрын жарияланған нәрсені қосып, өңдей алатын веб-сайт; оған мысалы Wikipediaны жатқызуға болады;
  • пайдаланушыларға әртүрлі сілтемелерді бөлісуге мүмкіндік беретін сайттар; мұндай сайттардың мысалдарына – Reddit, Stumble Upon және Digg жатады;
  • әлеуметтік желілер (Youtube, Facebook, LinkedIn, ВКонтакте және т. б. – пайдаланушыларға жеке профиль құруға, байланысы бар басқа адамдарды анықтауға, сайттағы хабарламаларды оқуға және оларға жауап беруге, жеке немесе қоғамдық орындарда хабарламалар жіберуге мүмкіндік беретін жалпыға қол жетімді веб-қызметтер.

Әлеуметтік медиа білім беру тәжірибесі үшін құнды қасиеттерге ие: 1) білімді көбейтудің екі аспектісі біріктірілген байланысты ортаны қалыптастырады: құру және тұтыну; 2) әр түрлі ақпаратқа жылдам қол жеткізуді қамтамасыз етеді; 3) өзара кері байланыспен диалог жағдайын жандандыра түседі. Сонымен қатар, медиада білім беру процесін дұрыс жүзеге асыруға кедергі келтіретін көптеген «ақпараттық қоқыстар» да бар екендігін естен шығармаған жөн.

Әлеуметтік медиамен қатар, Socrative, Kahoot, Edmodo және Nearpad сияқты оқытуды басқарудың әртүрлі жүйелері виртуалды білім беру ортасын құруда белсенді рөл атқарады. Олар білім беру ресурстарын басқару, оқытушылар мен студенттер арасындағы байланысты қолдау, оқыту сапасын бағалау үшін интеграцияланған платформа болып табылады.

Мәселені тереңірек түсіну үшін, университеттегі білім беру процесінің барлық қатысушылары үшін бірыңғай оқу кеңістігін құруға бағытталған  Moodle (Modular Object-Oriented Dynamic Learning Environment) платформасының пайдалану тәжірибесіне тоқталып өтсек болады. Moodle-дің негізгі артықшылықтары платформа оқытушылардың шығармашылығына кең мүмкіндіктер береді: оқу курстарын құру, оқу материалдарын ұсынудың әртүрлі форматтарын қолдану, интерактивті оқыту құралдарының кең спектрін пайдалану т.б. Студенттерге платформа өзін-өзі оқыту мен өзін-өзі тәрбиелеудің танымдық стратегияларын қалыптастыруға барлық жағдай жасайды. Сонымен қатар, платформа оқытушының студенттермен желілік өзара іс-қимылын дамытуға ықпал етеді: форумда курс мәселелерін талқылауға, онлайн-консультациялар алуға, желілік семинарлар мен конференциялар өткізуге болады. Moodle жүйесіне кіріктірілген чат web-консультацияларды нақты уақыт режимінде алуға мүмкіндік береді. Осының негізінде, дәстүрлі дәрістің орнына жаңаша білім беру формаларын (пікірталастар, кейстер, тапсырмаларды талдау, миға шабуыл т.б) қолдануға жағдай жасалады.

Виртуалды оқыту ортасын құру жоғары мектеп оқытушысының рөлінің түбегейлі өзгеруіне алып келеді. Ол академиялық білім тасымалдаушысы және ақпарат жеткізуші рөлінен – оқу дизайнері, контент және ресурстар провайдері, студенттер тәлімгері, оқу фасилитаторы болып өзгереді. Студенттердің өмір бойы оқу қабілетін қалыптастыратын тиімді және тартымды білім беру ортасын дамытатын оқу инженері де бола алады. Алайда, бұрынғы академиялық ортада тәрбиеленген көптеген оқытушылар мен ғалымдар үшін бұл оңайға соқпайтынын ескерген жөн.

Білім беру ұйымдарын басқару тәсілін өзгерту. Білім беру процесін цифрландыру жоғары оқу орнын басқару жүйесіне де өз әсерін  тигізеді. Жаңа білім беру ортасы мен жаңа білім беру моделін қалыптастыратын цифрлық технологиялар мен құралдарды енгізу оқытушылар мен студенттердің бірлескен шығармашылық қызметін қажет етеді. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, білім беру ұйымдарын басқаруда келесі өзгерістер байқалады:

— стандартталған оқытудан жеке білім беру траекторияларына ауысу, бұл студенттерге оқыту үдерісін өзбетімен құруға, өзін-өзі тәрбиелеуге белсенді қатысуға және оқытушыларды таңдауға мүмкіндік береді;

— стандартталған жүйеден қойылған міндеттерді шешу, сыни ойлау, үлкен көлемдегі ақпаратпен жұмыс істеу, контекстке сәйкес келетін және сенімді болу сияқты критерийлерге негізделген жеке бағалау жүйесіне көшу;

— көбіне тәжірибеге сүйену, яғни білім тәжірибені кеңейту арқылы жасалады. Ал, оқыту адамның іс-әрекетінің барлық аспектілерін жандандыруды қамтиды: ойлау, сенсорлық қабылдау, мінез-құлық т.б. Оқу процесінің өзі тәжірибеге сүйенеді, өйткені білім практикадан туындайды және сол арқылы тексеріледі;

— оқу кеңістігін қайта құру: дәстүрлі кеңістіктерден (аудитория, кітапхана, компьютерлік сынып) цифрлық, мобильді, виртуалды, онлайн, әлеуметтік және физикалық кеңістіктің мүмкіндіктерін біріктіретін гибридті кеңістіктерге көшу;

Сонымен, цифрландыру үдерісінде жоғары оқу орнын басқару жүйесі білім беру инновациялары үшін неғұрлым икемді, демократиялық және ашық бола түсуде. Осылайша, цифрлық технологиялар мен құралдар білім беру үдерісін, оқытушылар мен студенттердің рөлін, сонымен қатар олардың арасындағы өзара әрекеттесу ережелерін де өзгертеді деген қорытынды жасауға болады.

Жобаның аға ғылыми қызметкері

Сүлейменова Жансая Тоқтарқызы

Басқа материалдар

Back to top button