Цифрлық білімдік ортаның артықшылықтары мен кемшіліктері
Цифрлық білімдік орта үздіксіз білім берудің барлық деңгейлерін қамти отырып, жоғары оқу орнында болашақ мамандарды онлайн және аралас формада оқытуға мүмкіндік беретін кеңістік. Сонымен қатар, болашақ мамандардың ХХІ ғасырдағы қоғамға қажетті маңызды кәсіби-тұлғалық сапалары мен іскерліктерінің қалыптасуына жағдай жасайды: ақпараттық сауаттылық, цифрлық ресурстарды пайдалана алу іскерлігі, жаһандық деңгейде ойлана алу, үздіксіз түрде білім алу және шығармашылық міндеттерді орындау және т.б.
Бүгінде әлем халқының 86%-ы мобильді байланысты белсенді тұтынушылар қатарына кірсе, шамамен 2 млрд-тай адам интернет желісіне еркін қол жеткізу мүмкіндігіне ие. Киберкеңістік ақпаратты іздеу және тасымалдау құралы, сондай-ақ виртуалды қарым-қатынас пен өзара іс-қимыл ортасы бола отырып, тұлғаның мінез-құлық стереотиптерінің, сондай-ақ идеалдарының, рухани құндылықтарының, жеке және қоғамдық дүниетанымының қалыптасуына айтарлықтай өз ықпалын тигізеді.
Қазіргі қоғамда жоғары білім беру жүйесі де біршама өзгерістерге ұшырады, атап айтқанда: ізгілендіру, цифрлық трансформация, болашақ маманға қойылатын жаңа талаптар және білім беру үдерісіндегі оқытушының рөлі және т.б. Цифрлық технологиялар жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, оқу үдерісін ұйымдастырудың және дамытудың жаңаша әдістемелік жолдарын қарастыруды талап етуде.
Цифрлық орта ұйымдастырушылық, техникалық және әлеуметтік-даму функцияларын іске асыруды қамтамасыз ететін педагогикалық жүйенің құрамдас бөлігі ретінде болашақ маманның келесідей бағыттарда қалыптасуына жол ашады:
— әрекеттік бағыт (АКТ арқылы ақпараттық өріс мүмкіндігін пайдалана отырып, ақпаратты іздеу, жинау, талдау, тасымалдау іскерліктері);
— технологиялық (ақпаратты білімге айналдыру, цифрлық ортада жаңа элементтер мен бағдарламаларды құру және жобалау т.б);
— әлеуметтендіру (киберкеңістіктің әлеуметтік үдерістерін ұғыну, өз ұстанымын қалыптастыру, өз идеяларын жауапкершілікпен іске асыру, адекватты өнімді іс-әрекет шешімдерін қабылдау, таным мен қарым-қатынас үдерісінде электрондық құралдарды пайдалану қабілеті т.б).
Цифрлық орта ақпараттық технологиялар мен киберкеңістіктің барлық ерекшелігін біріктіреді және белгілі бір деңгейде инфрақұрылымға (телекоммуникациялық/интернет-желілер және суперкомпьютерлерден смартфондарға дейін әртүрлі есептеу кешендері), құрылымға (интернет, бағдарламалық платформалар мен интерфейс, желілік бағдарламалық хаттамалар) және ультрақұрылымға (инфосфера) ие.
Өзінің ерекшелігі және көптеген артықшылықтарына қарамастан, заманауи білім беруді цифрландырудың бірқатар кемшіліктері бар:
- Оқытушы мен студенттер арасындағы тікелей тұлғааралық байланыстың азаюы. АКТ-ны қолдану кезінде оқытудағы негізгі рөл біртіндеп техникалық құралдарға ауысады, оқытушы көп жағдайда қажетті материалды іріктеумен және оны кейіннен аудиторияға таратумен айналысады.
- «Студент – компьютер» байланысы болашақ мамандардың қарым-қатынас дағдыларының төмендеуіне әсер етеді: студент техникалық оқу құралдарымен байланысқа неғұрлым көп уақытын жұмсаса, соғұрлым оқытушымен және басқа да студенттермен сөйлесуге уақыты аз қалады. Мұндай жағдайда қарым-қатынас дағдылары айтарлықтай төмендейді, бұл кейіннен әлеуметтенуге теріс әсерін тигізеді.
- Компьютермен байланыс сабақта ғана емес, жалпы өмірде де жеке тұлғаның әлеуметтік белсенділік деңгейін төмендетеді.
- Қазіргі заманғы АКТ-ны қолдана отырып, студенттер ақпаратты іздеуге және өңдеуге аз уақыт жұмсайды. Олар интернеттен дайын баяндамалар мен эсселер алып, пайдаланады. Сонымен қатар, олар материалға егжей-тегжейлі іріктеу мен талдау жүргізбейді. Болашақта мұндай студенттерге курстық және дипломдық жұмыстарды өз бетінше жазу біршама қиынға соғады.
- Компьютерде үнемі жұмыс істеу тәуелділікке әкелуі мүмкін. Бұл тек оқу мәселесіне ғана емес, сонымен бірге психикалық, физиологиялық ауытқуларға әкеп соқтыруы мүмкін күрделі мәселе.
- Компьютерді, гаджеттерді шамадан тыс пайдалану, тұлғаның денсаулығына да кері ықпалын тигізеді. Цифрлық орта болашақ мамандардың көлемді ақпараттарды қабылдау қабілеті мен әлеуметтік дағдыларының төмендеуінен бөлек, студент жастар арасындағы экранға деген тәуелділіктің қалыптасуына, электромагниттік сәулелену, көру қабілетінің нашарлауы және т.б әсер етеді. Сондай-ақ, белгілі бір деңгейде адамның коммуникативтік сөйлеу қабілеттерінің төмендеуіне, тұлғааралық қарым-қатынастың түрлі әлеуметтік желілердегі виртуалды байланысқа ауысуына, эмоционалды көңіл-күйді сезіну, коммуникация нәтижесін болжау іскерліктерінің төмендеуіне әкеп соқтырады.
Заманауи әлемде виртуалды қарым-қатынас жан-жақты, ерекше сипатта бүкіл ғаламды біртұтас коммуникативті жүйеге біріктіре алатын және әрбір адамға әсер етуге қауқарлы күшке ие. Интернет қазіргі адамдардың өмір сүру ортасына айналды және уақыт өткен сайын оған деген тәуелділік артып келеді. Жаңа байланыстар қысқа, дискретті, қарқынды бола бастады. Тікелей тұлғааралық қарым-қатынасты гаджеттермен байланысқа алмастыру басқа адамдардың бет-әлпетін оқу, олардың интонациясын сезіну, ауызша құралдарға сүйенбестен ортақ тіл табысу іскерлігін төмендетуде.
Сондықтан да, қазіргі заманғы мамандар жаңа цифрлық білім беру ортасында коммуникативтік технологияларды қолдануға және мәдени сөйлеу дағдыларын жүзеге асыруға дайын және қабілетті болғаны жөн. Цифрлық ортада өзара әрекеттесудің сөйлеу және кеңістік-уақыт параметрлері де өзгеріске ұшырайды. Сондықтан, болашақ мамандардың коммуникативтік мәдениетін жетілдіру бүгінгі күні жаратылыстану, әлеуметтік-гуманитарлық және техникалық пәндердің (философия, педагогика, психология, әлеуметтану, информатика және т.б.) ортақ мүдделері қиылысында орналасқан маңызды ғылыми мәселе болып табылады.
Жобаның аға ғылыми қызметкері
Сүлейменова Жансая Тоқтарқызы