Жоба аясында Терминологиялық сөздік жарық көрді
AP19679344 «ЖОО-да оқытушылар мен студенттердің желілік коммуникативтік мәдениеті мен цифрлық этикетін қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік негіздерін зерттеу» тақырыбындағы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру жобасы аясында «Желілік коммуникативтік мәдениет пен цифрлық этикет бойынша терминологиялық сөздік» жарық көрді. Сонымен қатар авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізімге мәліметтерді енгізу туралы куәлік 2023 жылғы «30» қазан № 39962 алынды.
Сөздіктегі терминдер мен ұғымдар заңды-нормативтік ресми құжаттардан, атап айтқанда: Ақпаратқа қол жеткізу туралы ҚР Заңы, Ақпараттандыру туралы ҚР Заңы, Бұқаралық ақпарат құралдары туралы ҚР Заңы, Білім беру ұйымдарына қашықтықтан оқытуды ұсыну жөніндегі талаптарды және қашықтықтан оқыту бойынша және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша онлайн-оқыту нысанында оқу процесін ұйымдастыру қағидалары, Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары, Киберқауіпсіздік тұжырымдамасын («Қазақстанның киберқалқаны»), сондай-ақ, UNESCO-ң мобилді оқыту бойынша ұсынымдары, БҰҰ-ң ресми сайтынандағы ақпараттан, отандық, алыс және жақын шетел ғалымдарының ғылыми зерттеу жұмыстарында берілген анықтамалар мен түсіндірулерден жинақталды. Сондай-ақ, ғаламтордағы онлайн сөздіктер: dic.academic.ru, kartaslov.ru, kk.wikipedia.org, www.glossary-internet.ru, www.inetgramotnost.ru/slovar, Oxford Learner’s Dictionaries және т.б.сайттарынан да мағлұматтар қарастырылды.
Этикет – қоғамда қабылданған жалпы адамзаттық мәдениет, адамгершілік пен мораль тәртібі болса, ал цифрлық этикет – бұл цифрлық кеңістіктегі қарым-қатынас пен көпшілік ұстанатын интернеттегі байланыс ережелері, – деп анықталады.
Цифрлық қоғамда «цифрлық мәдениет» немесе «цифрлық әдеп» ретінде де қолданыс табатын «Цифрлық этикет», қазіргі заманғы коммуникация мен онлайн ортадағы өзара әрекеттесудің маңызды аспектісі болып табылады. Бұл студенттер үшін де, оқытушылар үшін де – сыйластық, кәсібилік, қауіпсіздік, қарым-қатынас ережелері, академиялық шынайылық, кәсіби қарым-қатынас және т.б. тұстарынан көрініс тауып, бүгінгі қоғамда үлкен маңызға ие болып отыр.
Оқытушылар мен білім алушыларға ұсынып отырған терминологиялық сөздіктің ұтымдылығын бірнеше қырынан қарауға болады:
- Сөздік қорды кеңейту: желілік коммуникативтік мәдениет пен цифрлық этикетке қатысты жаңа терминдер мен ұғымдарды үйрену арқылы, онлайн өзара әрекеттесудің маңызды аспектілерін жақсырақ түсінуге және сипаттауға мүмкіндік.
- Қарым-қатынасты жақсарту: цифрлық этикет пен коммуникативтік мәдениетті меңгеру оқу және кәсіби қызметте тиімді және жағымды қарым-қатынасқа ықпал етеді.
- Желідегі қауіпсіздік: Цифрлық қауіпсіздік, цифрлық гигиена және құпиялылыққа қатысты терминдер мен ұғымдарды білу желідегі жеке деректерін қорғау мен тәуекелдерден аулақ болуға көмектеседі.
- Оқу үдерісіндегі қолданыс: оқу үдерісі, зерттеулер, эссе және жобаларда терминдер мен ұғымдарды қолдану мүмкіндігі.
- Өзгелерді құрметтеу: интернет кеңістігіндегі цифрлық нормалар мен ережелерді түсіну арқылы, желідегі басқа пайдаланушыларға құрмет пен толеранттылық танытуға көмектеседі.
Демек, желілік коммуникативтік мәдениет пен цифрлық этикет бойынша терминологиялық сөздік оқытушылар мен білім алушыларға цифрлық әлемде тиімді және қауіпсіз өзара іс-қимыл жасау үшін қажетті дағдыларын дамытуға және білім беру мен кәсіби қызмет саласындағы заманауи сын-қатерлерге дайын болуға өз әсерін тигізеді.