Мақалалар

Медиабілім үдерісінде өзін-өзі реттеу дағдыларын дамыту: цифрлық этикеттің рөлі

Қазіргі цифрлық әлемде медиабілім – болашақ маман дамуының қажетті аспектісіне айналуда. Медиабілім үдерісінде студенттердің өзін-өзі реттеу дағдыларын дамыту импульсивті мінез-құлықты бақылауға, уақытты тиімді ұйымдастыруға, сыни тұрғыдан ойлауға, өз эмоциясын басқара білуге, сондай-ақ цифрлық кеңістіктегі іс-әрекеті үшін маңызды. Ал осы орайда цифрлық этикет интернеттегі мінез-құлықты реттейтін ережелер мен нормалардың жиынтығы бола отырып, өзгелерге құрмет көрсетуді, қауіпсіздікті, қорлау мен агрессивті әрекеттерді болдырмауды, зияткерлік меншікті ескеру мен құпиялылық құқықты сақтауды қамтиды.

Медиабілім үдерісінде өзін-өзі реттеудің өзектілігі цифрлық платформалардың таралуымен білім алушылардың мұқият пайымдауы және эмоционалды бақылауын қажет ететін көптеген интернет аясында кездесетін мазмұн мен өзара қарым-қатынастық әрекеттесулермен айқындалады. Ал өзін-өзі реттеу дағдылары студенттерге осы цифрлық кеңістікте сыни көзқараспен қарауға мүмкіндік беріп, білім алудағы жетістіктер мен  эмоционалдық әл-ауқаттың жақсаруына да ықпалы зор. Сонымен қатар, цифрлық этикетті сақтау киберортадағы қауіптерді азайтып, қауіпсіз цифрлық қауымдастықты ілгерілетіп, онлайн өзара әрекеттесулердің мәдениетті және сындарлы болуын қамтамасыз етеді.

Медиабілім беру, өзін-өзі реттеу және цифрлық этикет арасындағы байланысты зерттеу, ақпараттық қоғамның қарқынды дамуы аясында ерекше назар аударуды талап етеді. Зерттеудің бұл саласы бірнеше ғылыми пәндердің – педагогика, психология, әлеуметтану, медиа зерттеулердің түйіскен жерінде орналасып, оның күрделілігі мен жан-жақтылығын көрсетеді.

Ұсынып отырған мақалада медиабілім үдерісінде өзін-өзі реттеу дағдылары мен цифрлық этикеттің өзара байланысы зерттеліп, осы мәселелердің студенттердің жеке тұлғалық және кәсіби құзыреттілігін дамытуға әсері сипатталады.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі теориялық тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге үлкен практикалық маңызы бар екенін атап өтеміз. Елдің болашағы жас ұрпақты ақпараттық қоғамдағы өмірге қаншалықты тиімді дайындай алатынымызбен тығыз байланысты. Медиабілім беру, өзін-өзі реттеу және цифрлық этикеттің өзара байланысын зерделеу, өскелең ұрпақты ақпараттық қоғам жағдайында табысты әлеуметтенуге және өзін-өзі жүзеге асыруға қабілетті үйлесімді дамыған тұлға ретінде қалыптастыруға негізделген, тиімді бағдарламалар мен әдістемелерді әзірлеуге мүмкіндік береді.

Зерттеу жұмысы AP19679344 «ЖОО-да оқытушылар мен студенттердің желілік коммуникативтік мәдениеті мен цифрлық этикетін қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік негіздерін зерттеу» гранттық жобасы аясында ұйымдастырылып, жалпы саны 669 респондентті қамтыды. Арнайы құрылған сауалнама студенттердің цифрлық медиа туралы пікірлерін, интернет қолданысының эмоциялық және психологиялық күйлеріне әсерін, цифрлық этикет ережелері мен мүмкіндіктері туралы білімдерін анықтауға  негізделген.

Сауалнама нәтижелері студенттердің цифрлық ортада мүмкіндігінше қауіпсіздікті сақтап, цифрлық этикет ережелерінің маңыздылығын ескеретінін айқындады. Алайда, өзін-өзі реттеу дағдыларын дамыту құралы ретінде цифрлық этикетті тәжірибе жүзінде  қолдануда кейбір олқылықтар анықталып, қосымша зерттеу қажеттілігін көрсетті.

Зерттеудің теориялық деректеріне және сауалнама нәтижелеріне сүйене отырып авторлар тарапынан медиабілім үдерісінде студенттердің өзін-өзі реттеу дағдыларын дамытуда цифрлы этикетті жүзеге асыру жолдары ұсынылды.

 

 

 

Сейітқазы П.Б. , Читил М. , Ырымбаева Н.А., Кулдашева Н.У., Сүлейменова Ж.Т. Медиабілім үдерісінде өзін-өзі реттеу дағдыларын дамыту: цифрлық этикеттің рөлі. Gumilyov Journal of Pedagogy, 2025.– № 150(1) .–Б. 332-351.

DOIhttps://doi.org/10.32523/3080-1710-2025-150-1-332-351

 

Басқа материалдар

Back to top button