Үздіксіз білім берудегі медиабілімнің рөлі
Заман ағымына сай мәдениетті, рухани—адамгершілігі мол, сыни ойлайтын, өздігінен ізденіп, шығармашыл шешім қабылдай алатын, кез келген ортада бейімделгіш, білім, білік, дағдысы мен кәсіби құзыретті тұлға қалыптастыру бүгінгі күннің басты талабы. Осы орайда еліміздегі білім беру жүйесіндегі модернизацияға, оқытудың жаңа түрлері мен трендтеріне, педагогикалық мамандықтар мен педагог мәртебесіне, білім берудегі интернационалдандыруға, трансұлттандыруға, компьютерлендіруге, ақпараттандыруға, цифрландыруға, гуманизациялаумен гуманитаризациялауға, үздіксіз білім беру, инклюзивті және дуалді оқытуға үлкен мән берілуде.
Қазіргі бәсекеге қабілетті тұлға заманауи инновацияларды игеруімен, қарқынды даму үстіндегі әлемдік сұраныстар мен талаптарға жылдам бейімделуімен анықталады.
Жаңа ақпараттық технологиялардың белсенді дамуы тұсында халықтың басым көпшілігі, әсіресе жастар қауымы кез келген ақпаратты, жаңа білім көздерін интернет арқылы іздеп, сұрақтарының жауабын сол жерден табатыны белгілі. Осы орайда жастардың медиасауатты болуы, медиабілімі, медиақұзыретті болуы өзекті болып табылады.
Медиа термині (латын тілінде «media», «medium» – құрал, тасымалдаушы) XX ғасырда «бұқаралық мәдениет» құбылысын анықтап көрсету үшін енгiзiлген. Сонғы жылдары медиа ұғымы БАҚ түсінігін алмастыра алатын термин ретінде қолданылып жүр.
ЮНЕСКО-ның материалдарында «Медиабілім беру» – демократияны қолдауға ықпал ететін кез келген елдің әрбір азаматының сөз және ақпарат бостандығының негізгі құқығының бөлігі болып табылады делінген. Медиасауаттылық ұғымы медиабілімнің баламасы ретінде қолданылып, ақпараттың әр түрін қабылдау, анализдеу, өңдеу мүмкіндігі.
Қазіргі жаһандық өзгерістер кезінде жастар тек оқу орнында алған кәсіби білімімен шектеліп қана қоймай, қосымша іздену, білімін тереңдете түсу заман талабына айналуда. Оған индивидуалды танымдық іс-әрекет, қызықтырған-ойландырған сұрақтардың жауаптарын өздігінен іздену, әр түрлі жанрдағы әдебиетті оқу, мәдени мекемелерге барып рухани жан-дүниесін байыту, т.б.жатқызуға болады.
Жастарды қолдау, олардың білімділігі мен бәсекеге қабілетті болуының маңыздылығы туралы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Қазақстан халқына Жолдауының «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» атты үшінші бағдарында «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек. Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек», – деген болатын.
Осылайша мемлекет тарапынан жастарға қолдау көрсетіліп тұрған тұста, білім алушы жастардың білімдерін формалды, формалды емес, өздігінен ізденіп, информалды білім алу арқылы құзіретті кәсіби маман болуларына барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңдағы медиа құралдар арқылы білімімді толықтырамын немесе қызығушылығым бойынша жаңа білім алағым келеді деген жастарға мүмкіндік көп. Жастардың бойында қызығушылық, талпыныс, ізденімпаздық пен медиабілім, медиасауаттылық болса, үздіксіз (өмір бойы) білім алу арқылы үлкен белестерден өтіп, биік шыңдарға жетуге мүмкіндік туады.
Қорытындылай келе, тәрбиелі, білім, білік, дағдысы ұштасқан, кәсіби сауатты, медиақұзіретті жастарды қалыптастыру, Егемен еліміздің жарқын болашығының кепілі болады деген ойдамыз.
Жоба бойынша кіші ғылыми қызметкер Ырымбаева Н.А.