Трансверсалды дағдылар негізінде ақпараттық құзыреттілікті дамытудың мүмкіндіктері
Бүгінгі жаһандық замандағы педагогикалық білім – кәсіби құзыреттіліктің, бәсекеге қабілеттіліктің, өзін-өзі жүзеге асыру мен ең бастысы болашақ маманның өз бетімен жан-жақты ізденіп, өмір бойы білімін дамытуға бағытталатынымен ерекшеленеді. Ал бұл өз кезегінде оқу орнының болашақ маманды оқу мен тәрбиеге, үнемі өзгеріп отыратын ақпарат ағынында бағдарлана білуге, шығармашылық және сыни тұрғыдан ойлауын дамытуды талап етеді.
Болашақ мамандардың ақпараттық құзыреттілігін трансверсалды дағдылар негізінде дамытудың маңыздылығы – тұлғаның нарықта ұтқырлықты сақтауымен, бәсекеге қабілеттілігін арттыруымен, ізденімпаздық негізінде жаңа кәсіптер мен іс-әрекеттерді игерудегі бейімділікпен айқындалады.
Тұлғаға бағытталған құзыреттілікті дамыту: формалды, формалды емес, информалды оқыту арқылы өмір бойы жүзеге асатын, еңбек пен төзімділікті, мақсатқа ұмтылысты талап ететін күрделі үдеріс. Ол оқу және жұмыс орны, үйде, қоғамдық мекемелер мен қоғамдық орындарда жүзеге асады. Ал трансверсалды дағдылар негізінде ақпараттық құзыреттілікті дамыту – цифрлы сауаттылықты, медиақұзыреттілік пен медиамәдениетті, толеранттылықты, топтағы көшбасшылық сапаны, өмірлік және кәсіби мәселелерден тиімді және шығармашылықпен шешудегі қабілеттілікке мүмкіндік береді.
Трансверсалды дағдылар – нақты бір салада кеңінен қолданысқа еніп, қарыштап дами отыра, басқа сфераға оңай бейімделе алатын қабілеттер жиынтығы. Бұл дағдылар жеке тұлғалар үшін тек оқу немесе қызмет барысында ғана емес, күнделікті өмірде де нәтижелі жұмыс болуы үшін қажет. ЮНЕСКО-ның деректерінде трансверсалды құзыреттіліктер сыни және инновациялық ойлаумен, тұлғааралық қарым-қатынас, жаһандық азаматтық, физикалық және психологиялық саулықпен сипатталған.
Бүгінгі жылдам ақпарат ағымы мен техникалық ілгері жылжуда болашақ мамандардың трансверсалды дағдыларын дамыту – өзектілігімен, өмір бойы оқуға ынталандыруымен қоғамда маңызды орын алады. Трансверсалды дағдылар тұлғаның кез-келген ортаға жылдам бейімделуімен, бір саладан екіншісіне ауысудағы қабілетімен сипатталып, болашақ маман иесінің еңбек нарығында табысқа жетуде шешуші рөл атқарады. Ал қарқынды дамып келе жатқан қоғамда ақпараттық құзыреттілік – ең қажетті мүмкіндіктердің бірі ретінде қарастырылады. Өйткені болашақ маманның даралығы, тұлғалық дамуы, кәсіби талаптарды орындаудағы жеке тәжірибесі мен біліктілігін арттырудағы ақпараттық құзыреттілігі үлкен мәнге ие.
Осылайша, болашақ мамандардың трансверсалды дағдылар негізінде ақпараттық құзыреттіліктерін дамытуда келесі мүмкіндіктерді қарастырамыз:
- Оқу орнында білім беру бағдарламасының паспортын жасауда студенттердің қалыптасатын құзыретіліктері мен оқыту нәтижелерінде ақпаратттық құзыреттілікке негізделген пәндер мазмұнына мән беру. Яғни, Медиапедагогика, Киберпедагогика, Білім берудегі цифрлық технологиялар, Педагогикалық инновациялар, Қашықтықтан білім беру технологиясы мен әдістемесі, Интернет психологиясы, Білім берудегі ІТ, Білім берудегі инновациялық және медиатехнологиялар және т.б.пәндерді қарастыру;
- Трансверсалды дағдылар негізінде студенттердің ақпараттық құзыреттіліктетін дамытудың келесі мүмкіндігі ретінде оқу орындарындағы газет-журналдарды дәріптеуді ұсынамыз. Университеттік газеттің негізге мақсаты – білім, ғылым, тәрбие, спорт, денсаулық, салауатты өмір салты, шығармашылық жетістіктер мен мәдени орындарында өтіп жатқан маңызды іс-шаралармен, жаңалықтармен, сондай-ақ, қоғамдық, саяси, тәлім-тәрбиелік маңызы бар мәліметтер жайындағы ақпараттармен хабардар ету. Сонымен қатар, университет қабырғасында білім алып жатқан студенттерінің шығармашылық қабілеттерін арттырып, кәсіби шыңдалуына, ақпараттық құзыреттіліктерін дамытуға мүмкіндік тудыру.
- Отандық университеттерде студент жастардың трансверсалды дағдылар негізінде шығармашылық әлеуетін кәсіби қалыптастыру, өзін-өзі жүзеге асыру үшін мүмкіндік, көшбасшылық, жаңа жарқын дарындарды анықтау және олардың шығармашылық қабілеттері мен кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған: студенттердің өзін-өзі басқару орталықтары, оқу-сауықтыру орталықтары, студенттік парламент, жастар саясаты орталықтары, және т.б. ерекше атап өту керек.
- Қазіргі таңдағы жастар арасында ақпаратты оңай, әрі жылдам табу көзі ретінде қолданыстағы Instagram, Facebook, Telegram, ВКонтакте, Twitter, TikTok, WhatsApp сынды ресми әлеуметтік желілер мен мессенджер де студенттердің ақпараттық құзыреттіліктерін дамытуда мүмкіндік тудырады. Университеттердің ресми YouTube каналдарында: талапкерлерге арналған оқу орны және БББ туралы ақпараттар, оқу-әдістемелік, тәрбиелік іс-шаралар видеолардың толық нұсқалары, ПОҚ, қызметкерлер және білім алушылардың жетістіктері мен жеңістері, т.б.көрініс табады.
Болашақ мамандардың ЖОО-да трансверсалды дағдылар негізінде ақпараттық құзыреттілігін дамытудың мүмкіндіктері масс-медиа өнімдерінен ақпаратты тиімді іздеу, сауатты сұрыптау, ой түйюі, тұлғалық және рухани дамуы, алған білімі мен ақпаратын тәжірибеде ұтымды қолдана білуімен ерекшеленеді.
Жоба жетекшісі, п.ғ.д., профессор
Сейітқазы Перизат Байтешқызы