Мақалалар

Желілік коммуникативтік мәдениет кибербуллингтің алдын-алудың алғышарты ретінде

Кибербуллинг жеке хабарламаларды немесе әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, қорлау, қорқыту, жала жабу және бопсалауды қамтитын интернет-технологиялармен қорлаудың бір түрі. Оны желіде адамға мақсатты түрде бағытталған және жүйелі түрде іске асырылатын агрессивті мінез-құлық деп түсіндіруге болады. Сyber – компьютер, цифрлық технология, ал bullying – қорқыту, мазақ қылу, қорлау деген мағынаны білдіреді.

Кибер шабуылдар әлеуметтік желілерде, электрондық пошта немесе хабарламалар арқылы қорлайтын немесе жалған сөздерді және өсек-өтірікті пайдалана отырып, айыптау арқылы көрініс табады. Кибербуллингтің зорлық-зомбылықтың басқа түрлерінен айырмашылығы, бұл буллерге өзін аноним ретінде сақтауға және сол арқылы өз әрекеттері үшін жауапкершіліктен қашуға мүмкіндік береді.

Кибербуллингке қатысушыларды бірнеше топқа бөлуге болады: құрбандар, агрессорлар (буллерлер) және бақылаушылер. Кейде бір адам ғана буллер рөлін атқарғанымен, бәрібір интернетте жәбірленушіге бірден бірнеше топтар тарапынан (қатарластары, онлайн ойын жанкүйерлері және т.б.) шабуыл жасалады. Кибершабуыл желіде де, өмірде де жалғасын таууы немесе өмірдегіден желідегіге де ауысуы мүмкін.

Шынайы әлемде жәбірленушіге тікелей шабуыл жасау әрдайым іске аса бермейді, өйткені қылмыскердің жүзін танығанда, оған қарсы тұру оңайырақ болады. Ал, желіде құпия кейіпкер болу және жазадан құтылып кетуге деген сенімділіктің болуы буллерді одан сайын батылдандыра түседі.

Сыртқы кейпімен тартыншақ, тіпті сыпайы көрінген жасөспірім де желіде өзге адамдарға зәбір көрсетуі мүмкін. Яғни, бұл дегеніміз, буллерді сыртқы келбетіне, оқудағы немесе басқа да жетістіктеріне қарап бағалау мүмкін емес деген сөз.

Кибербуллинг интернетте ашық қорлау түрінде ғана емес, әр түрлі формада іске асырылады. Буллерлер жәбірленушіні виртуалды қарым-қатынастан шығарып тастап, оның атынан жалған аккаунт құрып, онда қорлайтын мазмұндағы фотосуреттер немесе басқа да жеке ақпараттарды орналастыруы мүмкін. Осы сияқты, кибербуллингтің бірқатар формаларына тоқталып өтетін болсақ:

Фрейминг: буллерлер адамның жеке парақшасына қолжеткізеді және  әлеуметтік желілерде оның атынан қажетсіз мазмұндағы ақпараттарды жариялайды.

Қудалау (киберсталкинг): үнемі жеке адамның немесе топтың атынан қорлайтын немесе қорқытатын мазмұндағы хабарламалар жібереді. Кейбір жағдайда киберсталкинг желіден тыс қудалаумен, тіпті физикалық зорлық-зомбылықпен бірге жүруі мүмкін.

Хеппислепинг: жәбірленушіге алдымен физикалық зорлық-зомбылық көрсетіліп, оны ұялы телефонға түсіріп, содан кейін интернетке жариялайды.

Троллинг: интернет-форумдар мен әлеуметтік желілерде дұрыс емес лексика мен қорлау сөздерін пайдалану арқылы арандату әрекеттері жасалады.

Диссинг: буллер жәбірленушінің беделін түсіру немесе басқа адамдармен қарым-қатынасына зиян келтіру үшін айыптау мазмұнындағы ақпаратты жариялайды.

Аутинг: адамның жеке мәліметтерін оның келісімінсіз әдейі жария ету. Тіпті оның телефонында сақталған хабарламаларды оқудың өзін аутинг деп санауға болады.

Кэтфишинг: ұрланған фотосуреттер мен басқа да жеке мәліметтер негізінде әлеуметтік желілерде жалған жәбірленуші профильдерін жасау. Бұл жәбірленушіге физикалық, психологиялық жағынан зиян тигізу мақсатында немесе жеке мүддесінің пайдасы үшін жасалуы мүмкін.

Груминг: буллер адамның сеніміне кіріп, оның досы болу үшін өзін жақсы жағынан көрсетуге тырысады. Кейін жәбірленушінің жеке ақпаратын бопсалау мақсатында өзіне қарсы қолдануы мүмкін.

Кибербуллингтің пайда болу себептері мен салдарына келетін болсақ, орташа есеппен қарағанда қазіргі кезде жасөспірімдердің 30% астамы кем дегенде бір рет интернетте буллермен бетпе-бет келеді. Желіде агрессивті әрекет ететін адамдар біріншіден, өздерін батыл етіп көрсеткісі келеді, ал екіншіден біреудің есебінен өз-өзін мойындатуға тырысады. Психологтар тарапынан «кек алғысы келу», «зерігу», «қорқынышын жасыру» деген секілді себептер де көрсетіледі. Яғни, желіде кибербуллингтің орын алуының көптеген себептері болуы мүмкін.

Кибербуллингті жасайтын буллер, көбіне ортада ерекшеленгісі келеді, бірақ оны қалай жасау керектігін білмейді; басқа адамдардың жай-күйін түсінбейді; өз сезімдері мен эмоцияларымен қалай күресуді білмейді; интернеттегі агрессивті мінез-құлық нақты өмірде жәбірленушіге ғана емес, өзіне де, бақылаушыға да зиян келтіретінін түсіне бермейді.

Кибербуллингтің жиі кездесетін салдарына өзін-өзі бағалаудың төмендеуі, қоршаған әлемге деген сенімнің бұзылуы жатады. Жәбірленушіде: оқшаулану, денсаулық мәселелері (бас ауруы, ұйқысыздық), ашу мен күйгелектік, депрессия, суицидтік ойлар және т.б пайда болуы мүмкін.

Буллер үшін кибербуллингтің салдары: кикілжіңге, біреудің пікіріне деген тәуелділікке, басқаларға деген сенімсіздікке, жазадан үнемі қорқуға, заң алдындағы нақты жауапкершілікке алып келуі мүмкін.

Бақылаушы үшін: өзіне деген сенімсіздік, келесі құрбан өзі болудан қорқу, әрекетсіздік үшін өзін кінәлау, зорлық-зомбылықты норма ретінде қабылдау т.б. тән болуы мүмкін.

Кибербуллингтің ауыр салдарына мыналар жатады:

— Аффективті бұзылулар: көңіл-күйдің төмендеуі, депрессия, мазасыздықтың жоғары деңгейі, қорқыныштар, ашу (көптеген жағымсыз эмоциялар).

— Соматикалық бұзылулар: ұйқының, тәбеттің бұзылуы, бас ауруы, іштің ауыруы, ішкі ағзалардың жұмысының бұзылуы және т.б.

— Когнитивті бұзылулар: зейіннің тұрақсыздығы, зейіннің шашырауы, есте сақтау қабілетінің бұзылуы және т.б.

— Білім беру ортасына бейімделудің бұзылуы: сабақты өткізіп жіберу, оқу үлгерімінің төмендеуі және оқуға деген ынтаның төмендеуі және т.б.

— Мінез-құлық бұзылыстары: агрессивтілік, үйден кету, наразылық, көңіл толмаушылық және т.б.

Кибербуллинг депрессия, үрей, өзін — өзі төмен бағалау, эмоциялық бұзылулар, психобелсенді заттарды қолдану және суицидтік мінез-құлық сияқты психикалық денсаулықпен маңызды проблемаларды дамытуға ықпал ете отырып, кез-келген жастағы тұлғаның денсаулығына теріс әсер етеді.

Жеке тұлғаның желілік коммуникативтік мәдениетін қалыптастыру кибербуллингтің алдын-алудың алғышарттарының бірі болып табылады. Қоғам мәдениетінің функционалды құралы ретінде коммуникативті мәдениет адамға материалдық және рухани құндылықтарды игеруге, өзін-өзі қалыптастыруға және жетілдіруге, әлемдік мәдени коммуникативті кеңістікке енуге мүмкіндік береді. Ал, коммуникация – оқшауланған тұлғалардың сырттай өзара әрекеттестігінің үдерісі ғана емес, біртұтас сипаттағы қоғамның ішкі ұйымдастырылуы мен ішкі эволюциясының тәсілі ретінде қарастырылады.

Желілік коммуникативті мәдениет – желідегі қарым-қатынас барысында нақты қабылдау мен түсіністікке қол жеткізуге, әңгімелесушінің мінез-құлқын болжауға және бағыттауға, цифрлық коммуникативтік этикетті сақтауға мүмкіндік беретін адамдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру саласындағы білім, іскерлік, дағдыларды қамтиды.

Цифрлық технологиялар нарығы мен басқа да жоғары технологиялар қызметін дамыту, сондай-ақ жеке тұлғалардың желілік мәдениеті мен цифрлық этикетін қалыптастыру – еліміздегі адами капитал сапасын арттырудың маңызды тетіктерінің бірі болып табылады.

Желілік коммуникативтік мәдениет – бұл кибербуллингтің алдын-алып қана қоймай, адамдар арасындағы мәдени қарым-қатынас пен этикетті сақтау деңгейін арттырады, сонымен қатар, құқық бұзушылық пен виртуалды жағдайда жеке басқа тиісу фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Желілік байланыстағы психологиялық комфортты арттырып, тұлғаның ақпараттық қоғамға жылдам бейімделуіне қолайлы жағдай туғызады.

Жобаның аға ғылыми қызметкері

Сүлейменова Жансая Тоқтарқызы

Басқа материалдар

Back to top button