Зерттеулер

Селфи-құмарлық салдары қандай болуы мүмкін

2014 жылы 1 сәуір күні интернеттің ағылшын тілді бөлігінде Ұлыбритания үкіметі селфиге тыйым салатыны туралы ақпарат тарады. Бұл «жаңалық» әзіл күніне орай шығарылған жалған дерек болса да, тұманды альбион тұрғындарын әбігерге салды.

Дәл сол жылы жұрт ағылшын студенті Дэнни Боуменді таныды. Бұл бозбала айфонына күніне 10 сағат бойы селфи салатыны белгілі болды. Бұл әдетке ол кезде 4 жылдан асқан еді. Бастапқыда ол Фейсбукке бір суретін салыпты, ол суретті достары мазақ етсе керек. Дэнни өзінің сымбатты, келбетті екенін дәлелдемек болып суреттерін бірінен соң бірін түсіре бастайды. Төсекте жатқан суреті, ваннадағы суреті, лифт, дәретхана, сабақта, метрода.. Қысқасы жүрген-тұрғанын күнделікті салып отырады. 2011 жылы бір модельдер агенттігінің кастингінен өте алмай қалған Дэнни өзін одан бетер қамшылай түседі. Тіпті колледже сабақ үстінде селфи жасап келуі үшін сұрана берген соң оқудан да шығып қалған. Ақыры өмірден түңілген бозбала суицид жасамақ болады. Бақытына орай, дәрі ішіп есінен танып жатқан баласын тауып алып, жәдел жәрдемге хабарласады. Дэнниге тек жедел жәрдем ғана емес, психологиялық көмек те қажет болды.

Біреулер үшін селфи еш қауіпі жоқ әдет шығар. Алайда кезінде компьютерлік ойындарға қатысты қауіп те еленбеген. Ал қазір тәулік бойы ойыннан бас көтермей қайтыс болған жағдайлар аз емес. Селфи-құмарлықты да ғалымдар психологиялық дерт түріне жатқызады, кейде тіпті алкоголизм мен нашақорлықпен салыстырып жатады. Селфи-құмарлықты эксгибиционизмнің бір түрі ретінде таниды. «Селфизм» сондай-ақ тұлғаның балалық мінез-құлық сипаттарынан аса алмағанын — эгоцентризм мен қоршаған орта пікіріне тәуелділіктен арыла алмағанын білдіреді.

Ғалымдардың айтуынша селфиққұмарлық көбіне тәуелділікке бейім адамдарда пайда болады. Сондықтан селфизммен күресте осы тәуелділіктің туындауына себеп болған факторды анықтау қажет. Селфи-құмарлық бұл жан дертінің «жоғары технологиялық вариациясы». Бұрынырақ олар өз келбетімен әсіре айналысу, нарциссизм, жетілмей қалған тұлғаның кемшін комплексі, аутистикалық спектр ауруларымен сипатталатын. Әсіресе тұлғаның кемшін комплексі әлеуметтік желіде лайк қуу әдетіне әкеледі.  Психологтар «селфизмнен» бірнеше кезеңмен арылуға кеңес береді. Алдымен түсірген суретіңізді интернетте бөліспеуге тырысу қажет. Келесі кезеңде өзіңізді фотоға түсіргеннен гөрі айнаға қарауға үйретіп көріңіз. Әрине, айна алдынан шықпай, өзіне өзі қарау да психологиялық кемшілік, алайда оның салдары әлдеқайда жеңіл.

Селфи социум мәдениетінде ерекше тенденцияға айналды. Адамдар өздерін қызықты жерлерде, өзгеше позаларда фотоға түсіру арқылы тарихта қалдыруға болады деп ойласа керек. Тіпті осы позалар мен селфи түрлеріне атаулар беріле бастады: «фелфи» — жануарлармен селфи, «груфи» — топтық селфи, «белфи» — бөксесін көрсеткен селфи, «лифтлук» — лифтіде түсірген селфи…

Селфиді тек жасөспірімдер, сәнқой бойжеткендер, жұлдыздар ғана емес, танымал тұлғалар, саясаткерлер де жасайды. Дмитрий Медведев. Барак Обама, Рим папасының селфилері де қоғам арасында талқыланған болатын. Селфи экстрим эдементіне де айналды. Ұшақтағы суреттер, биік ғимарат төбесінен, рөлде келе жатқанда түсірілген селфилер кең таралған. Әр кез экстрим селфи жасауға құмартудың соңы не психикалық дертке не өлімге душар етуі әбден мүмкін. Селфи жасау жолдары ғана емес, фото мазмұны да адамды ойлантуы тиіс. Кей ойланбай салған селфилер адамның болашақтағы өміріне әсер етеді, кейде бопсалауға негіз береді.

Селфи-құмарлықты анықтау және оны жеңу әдістері туралы сайтымызда психологтар дәрісі ұсынылатын болады. Осы тақырыпқа қызығушылық танытсаңыз, әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз.

Басқа материалдар

Back to top button