Мақалалар

ФАБИНГ: Адамнан смартфон артық па?

Фабинг (phubbing ) ағылшын тіліндегі phone (телефон) және snubbing (немқұрайлы қарым-қатынас) cөздерінің кірігуінен құралған сөз. Бұл адамның смартфонға қайта-қайта қарағыштап, смартфонсыз дискомфорт жағдайда сезінетін күйі. Ал тәуелді адамдар,  яғни фабистер әлеуметтік желідегі аккаунттарын ұзақ тексермей қалса, қолында смартфоны болмаса мазасы кетеді, өзіне деген сенімділігі жоғалады. Осы сенімсіздік адамға «смартфонның маңызы» туралы жаңсақ пікір береді.

Бұл терминді 2012 жылы McCann жарнама агенттігінің қызметкері ұсынды, ал 2013 жылы Macquarie Dictionary сөздігіне енгізілді.

Фабинг күнделікті қарым-қатынасты бұзып қана қоймай, адамның психикасына да әсер етеді. Оған қоса фабинг адамда қорқыныш тудырады: әлеуметтік желіге сәл кірмей қалсам, маңызды дүниелерден қалыс қаламын ба, жаңалықтан құр қаламын ба деген сияқты ойлар сары уайымға салады.

Әсіресе фабинг балалар үшін қауіпті. Себебі психикалық тұрғыда әлі қалыптаса қоймаған бала үшін қарым-қатынас виртуалды форматқа ауысады. Ересектер болса дүниетанымы, тұлға ретінде қалыптасуы үшін коммуникациялық дағдыларын бала кезінде, смартфондар әлі жоқ кезде алып үлгерген. Ал қазіргі балаларда мұндай мүмкіндік жоқ. Олар кез келген әсерге берілгіш, оларды манипуляицялау өте оңай.
Кент университетінің зерттеушілеріне сенсек, ерлерге қарағанда әйелдер фабингке бейім келеді.  Сонымен қатар бұл әдет «жұқпалы» деуге болады. Мысалы, егер қарсы алдыңыздағы адам телефонын шұқылап отырса, сіз де қолыңызға гаджетіңізді алғыңыз келеді.
Бұл тәуелділіктен құтылуға бола ма?

1. Дастархан басында отырғанда телефоныңызды алмаңыз. Өйткені смартфоныңызды көрген сайын, оны қолыңызға алғыңыз келіп тұрады.
2. Кездесуде отырған кезде де смартфоныңызды қолданбаңыз. Осы арқылы сіз кездесіп отырған адамға құрмет көрсетесіз, оның қаншалықты маңызды екенін сезіндіресіз.
3. Егер сізге жұмыс барысы бойынша ылғи пошта, мессенджер, әлеуметтік желілерде болу қажет болмаса, жай телефон сатып алыңыз.
4. Егер сіз маңызды кездесуге бара жатсаңыз, әріптестеріңізге, жақындарыңызға тек өте маңызды мәселелер бойынша ғана хабарласуын ескертіңіз. Солай істесеңіз кездесу барысында әр 10 минут сайын телефоныңызды қолыңызға ала бермейсіз.
5. Өзіңізге неге ылғи смартфонымды қолдана беремін деп сұрақ қойыңыз. Нақты жауабыңызды тапқан кезде, өз уақытыңызды тиімді басқара бастайсыз.
6. Смартфоныңызды дыбыссыз режимге қойыңыз. Жалпы мобильді қосымшалардағы хабарлама, push мәлімдемелерді өшіріп қойыңыз. Сонда тек сізге қажет кезінде ғана оларды қолданатын боласыз.

Басқа материалдар

Back to top button