Әлеуметтік желілердің мінез-құлқыңызға әсері туралы 7 факті
- Әлеуметтік желідегі парақшаңызды үнемі тексеріп тұрғыңыз келеді.
Мүмкін хабарлама келіп қалған шығар? Мүмкін сіз туралы біреулер бірдеңе деп жатқан шығар? Досың суретін бөлісті, лайк қоюым керек. Шын мәнсінде аккаунтыңызды жаңартып отырғанда бұлай ойламайсыз ғой? Әлеуметтік желі пайдаланушыларын зерттеу сауалнамасына қатысқандардың 80%-ы тәулігіне кемінде бір рет парақшасын тексеретінін айтты. Ал сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі парақшасына ештеңе салмаса да, күніне бірнеше рет тексеріп отыратынын айтты. Әлеуметтік желіге тәуелділік шылымқордың никотин тәуелділігінен кем емес. Америкалық психологтар мұны «Facebook Addiction Disorder» («фейсбук тәуелділік ақауы») деп атады.
- Әлеуметтік желі қызғаныш тудырады.
Қызғануға себеп болмауы да мүмкін. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей адамдардың көпшілігі жұптарын әлеуметтік желіде «қадағалап» отырады. Оның түк қиындығы жоқ. Кейде бұл тіпті зерттеуге ұласып кетеді. Оған коммент жазған адамның профилі, қызығушылығы, достары, басқа да қажетсіз, артық мәліметтерді жинап отырғаныңызды өзіңіз де байқамай қаласыз. Бұл сізге қажет пе? Сауалнамаға қатысқандардың 35%-ы қызғаныштың негізсіз болғанын мойындады. Тағы бір статситка, АҚШ-тағы 5 ажырасудың 1-і, ал Ұлыбританиядағы 3 ажырасудың 1-і фейсбук салдарынан болған.
- Әлеуметтік желінің жұмысқа пайдасы бар.
Кейбір жұмыс берушілер жұмыс компьютерлерінен әлеуметтік желілерге шығысты жауып қояды. Алайда психолог мамандар әлеуметтік желі жұмыс өнімділігін арттыруы мүмкін деген пікірде. Әлеуметтік желілер миды тынықтырып, көңілді сейілте алады дейді. Егер қысқа үзіліс жасаса, әрине.
- Әлеуметтік желілер адамдарды бақытсыз сезіндіреді.
Көпшілік әлеуметтік желіні қуанышымен бөлісу үшін қолданады. Жаңа сатып алған көлік, демалыстағы ғажайып сәттер, балаңның күлімдеген суреттері. Алайда егер өміріңізде болмашы сәтсіздіктер болса, өзгелердің құлпырған әлемі сізді бақытсыз етуі әбден мүмкін. Қызғаныш, іштарлық, өз проблемаңды тырналай беру — мұның бәрі сізді депрессияға шалдықтырады. Әлеуметтік желіге құмарлықтың зиян екенін ұмытпаңыз.
- Бақытты етуі де мүмкін!
Сіз мақтана аласыз. Өмірде мақтана алмасаңыз да, әлеуметтік желіде мақтанудың сан жолдары бар. Әдемі шаш үлгісін көрсеткіңіз келсе, басқа тақырыпта пост жазып, әдемі суретіңізбен көмкере аласыз. Көлігіңізді, үйіңізді көрсетудің мың әдісі бар. Бұл сіздің өзіңізге деген сенімділігіңізді арттырып, позитив беруі мүмкін. Әлеуметтік желі ұлғайтқыш әйнек тәрізді. Жақсы мен жаманды да ұлғайтып, еселей түседі.
- Достарыңызды жоғалтасыз.
Бұл факт жоғарыда айтылған фактілердің салдары. Қызғаныш, іштарлық, өзгеден тым көп күту, ашушаңдық — әлеуметтік желілер адамның ең жаман қасиеттерін жалаңаштай алады. Сіз лайк күтсеңіз, сізге иггнор жасауы мүмкін. Сіз хат жазсаңыз, оған жауап бермей қоюы мүмкін. Ал адамның көңілі бір атым насыбайдан да қалады емес пе? Өмірде түсініспеушілік болса, мән-жайды сұрар едіңіз. Ал әлеметтік желіде достықты үзу оңай.
- Әлеуметтік желіде өзіңді қор санау оңай.
Фейсбук пайдаланушыларының 75%-ы өз келбетіне риза емес. Оған себеп өзін өзгелермен салыстыру. Сенің жазған постың да, комментарийің де маңынасыз сияқты. Ал өзгелердің ақылды, терең мәтіндері бітпейді. Олардың қайдан алып, нені меңзеп отырғаны маңызды емес. Өзіңе деген сенім жоғалғанда ол туралы ойлай алмайсың.