Медиабілім үдерісінде студенттердің ақпараттық құзыреттілігін дамытудағы инновациялық тұғыр
Бүгінгі қоғамдағы телекомуникациялық технологиялардың дамыған тұсында, адамдар масс-медиа арқылы қажетті ақпаратты қалағанынша ала алады. Ал сол алынатын ақпаратты қабылдауда болашақ мамандардың ақпараттық құзыреттілігін дамыту қажеттілігі туындайды. Себебі қазіргі ақпарат ғасырында масс-медиа өнімдерінен сан қырлы ақпарат тауып, оның тиімділігін, қауіпсіздігін білмеген жағдайда, кері әсерін тигізуі мүмкін. Қазіргі уақытта тұлғалардың медиабілімді болуының маңыздылығы күн сайын артып келуде.
Зерттеудің мақсаты. Медиабілім үдерісінде студенттердің ақпараттық құзыреттілігін дамытудағы инновациялық тұғырдың рөлін айқындау.
Зерттеудің міндеттері. Қазіргі күнгі медиабілім үдерісінің болашақ мамандардың кәсіби және жеке өміріндегі маңыздылығын көрсету. Педагогикалық инновациялардың дамуы мен теориялық-әдіснамалық негіздерін зерттеген отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектерін зерделеу. Зерттеу тақырыбы аясында медиабілім үдерісі арқылы студенттердің ақпараттық құзыреттірігін дамытуда инновациялық тұғыр мүмкіндіктерін сипаттау.
Зерттеуші C.K. Cheung өз еңбегінде ХХІ ғасырдың басында медиабілім беру студенттерді БАҚ-мәліметтерін қабылдауда сыни ойлайтын, БАҚ-на жанрлық және мәтіндік таңдау жасай алатын, сыни дағдыларын өзіндік тәжірибеде қолдана алуымен байланыстырады. Осылайша, медиабілім берудің мақсаты білім алушыларды сыни, өзін-өзі рефлексивті және өнімді етуінде. Сондай-ақ, технологиялардың қарқынды даму дәуірінде білім алушылардың цифрлық технологияларды қолдану қабілетті ғана емес, жаңартылған медиа формаларын функционалды түрде қолдануы, медиа-мазмұнды шығармашылықпен құрудағы сыни көзқарасты дамытудағы қабілеттілік мәселесі айтылған. Егер медиабілім беру дұрыс жүргізілсе, студенттерді тез өзгеретін әлемде зерек және қызығушылық танытқыш азаматтарға, сыни тұтынушыларға және этикалық медиа өндірушілеріне айналдыра алады.
Демек, медиабілім беру болашақ мамандардың тұлғалық дамытуға бағытталған, білім жинақтауға көмектесетін және сол арқылы оларды қоғамның белсенді және елінің жауапты азаматы болуға жетелейтін құралдар жиынтығына айналады.
Ал, медиабілім негізінде қалыптасатын медиасауаттылық тек дағды емес. Оған сыни тұрғыдан ойлау, ақпараттық сауаттылық, технологиялық сауаттылық және басқа дағдылар кіреді. Медиасауаттылыққа қатысты тақырыптарға ресурстарды сынау, сөз бостандығы, желілік этика және ақпараттық қауіпсіздік жатады.
Зерттеу әдістері тақырып аясындағы теориялық дереккөздерді талдау, материалдарды жүйелеу, салыстыру, жалпылауға бағытталған. Медиабілім үдерісінде студенттердің ақпараттық құзыреттілігін дамытуда инновациялық тұғырдың рөлі туралы зерттеу материалдары ретінде инновациялық тұғырдың мәні мен мазмұны, жіктелуі, ерекшеліктері, заңдар мен принциптері берілген алыс-жақын шетелдік ғалымдардың ғылыми жұмыстары, диссертациялық зерттеулері, авторлардың ғылыми мақалалары қолданылды. Теориялық талдау нәтижесінде медиабілім үдерісі, ақпараттық құзыреттілік пен инновациялық тұғырдың сипаты мен олардың өзара байланысы зерделенген.
Медиабілім үдерісінде студенттердің ақпараттық құзыреттілігін дамытуды әдіснамалық тұғырлармен қамтамасыз ету, зерттеу мәселесінің мәні мен байланысын, өзара сәйкестігін анықтауға, іс-әрекет жүйесі мен заңдылықтарды айқындауға негізделген.
Әдіснамалық тұғырлар дегеніміз – қайсыбір педагогикалық мәселені зерттеудегі қолданылатын ұстанымдар, әдістер, тәсілдер жиынтығы. Ал, ғылыми зерттеулерде тұғыр әдіснамалық ұстаным ретінде түрлі бағыттардан көрініс тауып, білім берудің негізінде құрылған үдеріс ретінде қолданылып келеді.
Тақырып аясындағы қарастырылған әдіснамалық тұғыр біздің зерттеуіміз үшін маңызды теориялық негіз бола отырып, алға қойған зерттеу міндеттерін шешуде қажетті шарттарға жол ашады.
Қорытындылай келе, медиабілім үдерісі арқылы студенттердің ақпараттық құзыреттірігін дамытуда инновациялық тұғыр мүмкіндіктері – кәсіби жолда жаңа әдістер мен шығармашылық ізденістерге түрткі болады. Бұл өз кезегінде білім берудің тиімділігі мен сапасын айтарлықтай арттыруға жағдай жасайды. Уақытпен қатар жүріп, оқытудағы инновацияларды меңгерген студент, болашақта Отандық білім беру үдерісін дамытып, оның сапасын арттыратыны анық.
https://doi.org/10.52269/22266070_2024_1_180
Жоба бойынша кіші ғылыми қызметкер, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Педагогика және психология» ББ-ның докторанты Ырымбаева Н.А.