Жаңалықтар

Жоба аясында ҒЖБССҚК ұсынған журналға мақала жарияланды

AP19679344 «ЖОО-да оқытушылар мен студенттердің желілік коммуникативтік мәдениеті мен цифрлық этикетін қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік негіздерін зерттеу» тақырыбындағы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру жобасы аясында ҚР ҒЖБМ ҒЖБССҚК ұсынған журналға мақала жарияланды. Мақала «Медиабілім үдерісінде студенттердің ақпараттық құзыреттілігін дамыту бойынша ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді зерделеу» тақырыбында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы: Педагогика. Психология. Социология сериясының № 3 (144)/2023 жарық көріп, 236-249 беттерді қамтыды.

Медиабілім бұқаралық ақпарат заңдылықтары мен қағидасын оқытатын, ақпаратты сыни қабылдау дағдысын дамытатын, шығармашылық іс-әрекеттің эстетикалық талғамы мен мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білуге үйрететін педагогика ғылымының маңызды саласы. Ал медиабілім берудің негізгі міндеті – жас ұрпақты қазіргі ақпараттық заман талаптарына, түрлі ақпаратты қабылдау мен талдауға дайындау, ақпаратты түсінуге, оның психикаға әсерін білуге үйрету, байланыстың вербальды емес формалары негізінде, техника құралдары мен қазіргі ақпараттық технологиялар көмегімен қарым-қатынас жасау тәсілдеріне үйрету. Осылайша, ақпараттық коммуникациялық технологиялар ғасырында білім берудің жаңа тенденцияларының біріне айнала отырып, ЖОО-да оқытушылар мен студенттердің желілік коммуникативтік мәдениеті мен цифрлық этикетін қалыптастыруда маңызды рөлге ие.

Мақалада отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми еңбектеріндегі «медиабілім», «медиабілім беру үдерісі», «құзыреттілік», «ақпараттық құзыреттілік» ұғымдарына берген анықтамалары мен тұжырымдарына контент-талдау жасалды. Ақпараттық құзыреттілікті қалыптастыру және дамыту бойынша отандық ғалымдардың ғылыми жұмыстары салыстырыла талданып, зерттеу аймағына қарай топтастырылды.

Білім алушылардың кәсіби маман ретіндегі деңгейі мен құзыреттілігін арттыру, қоғамның қазіргі дамуында білім беру үрдісін ақпараттандыру және компьютерлендіру саласына бағытталуы, білім беру бағытын жаңғырту және ақпараттық құзыреттіліктің дамуына ықпал ететін білім беру алаңы ретінде медиабілім үдерісінде желілік коммуникативтік мәдениет пен цифрлық этикетті қалыптастырудың маңызы зор.

Күн сайынғы ақпарат көлемі мен ақпарат көздерінің артуы, технологиялардың жылдам жаңаруы, оларды қолдана алу мүмкіндігі, ақпарат алаңындағы қарым-қатынас этикеті, ақпаратты өздігінен ізденіп табуы мен оны орынды қолдана алуы – ақпараттық құзыреттілігі дамыған, оқытушы мен болашақ кәсіби маманды дайындау қажеттілігін туындатады. Ал ақпараттық құзыреттілік – ақпараттық кеңістікте бағдарлану мен белсенділікке қажетті құзыреттер жиынтығын меңгеру дәрежесін сипаттайтын тұлғаның кәсіби маңызды интеграциялық сапасы.

Зерттеу тақырыбы аясында ғылыми еңбектер қаралып, медиабілім үдерісінде ақпараттық құзыреттілікті дамытуға бағытталған бірқатар ұсынымдар қатары берілді. Осылайша, медиабілім үдерісінде ақпараттық құзыреттілікті дамыту – еңбек нарығы жағдайына бейімделуге мүмкіндік бере отырып, өзіндік білім деңгейін жүйелі түрде үнемі жетілдіруге ынталандырады, желілік коммуникативтік мәдениеті мен цифрлық этикетін қалыптастырады және ақпараттық сауаттылығын толықтыру қажеттілігіне дағдыландырады.

 

ДӘЙЕКСӨЗ:

Сейтказы, П. ., Ырымбаева, Н., & Кажимова, К. (2023). Медиабілім үдерісінде студенттердің ақпараттық құзыреттілігін дамыту бойынша ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді зерделеу. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы. Педагогика. Психология. Социология сериясы144(3), 240–253. Retrieved from https://bulpedps.enu.kz/index.php/main/article/view/80

Басқа материалдар

Back to top button