Жаһандану жағдайындағы негізгі білім беру трендтерінің өзектілігі
Бүгінгі таңда жаһандану қоғам дамуының негізгі факторларының маңызды бөлігіне айналып отыр. Мемлекет тарапынан білімнің сапалылығына, қолжетімділігіне, икемділігіне, үздіксіздігіне және кәсіби құзыретті маман даярлау мәселесіне үлкен көңіл бөлінуде. Осыған орай білім және ғылым жүйесінің алдында жаңа мақсаттар мен міндеттер тұр.
ХХІ ғасыр – жаһандану, инновациялар мен жаңа технологиялар ғасырында, әлемде болып жатқан өзгерістерге жаңаша көзқарас танытып, жаңаша ойлау маңызды. Осыған орай оқу орындарына да заман талабына сай білімді де білікті, бейімделгіш, берілген ақпаратпен жан-жақты жылдам жұмыс атқара алатын, жаңа ақпараттық технологияларды жылдам меңгеруші, сыни тұрғыда ойлап және тапсырманы шығармашылық тұрғыда шеше алатын, құзыретті маман иелерін бітірту өзекті болып отыр. Ол үшін жаһандану және технологиялық революция контекстіндегі білім беруді дамытудың трендтерін енгізу маңызды орын алады.
Бұрын оқытудың жаңа технологияларын қолдансақ, саңғы жылдары білім беру саласында оқытудың активті әдістерін қолдану белсенді жүргізілуде. Оқу үрдісінің нәтижелі болуына бағытталған жаңа тренттер өміріміздің бір бөлініге айналғандай. Осы трендтердің бірі үздіксіз білім беру болып отыр. Римлік филосов Луций Анней Сенеканың «Бір ғасыр өмір сүр, бір ғасыр оқы» деп айтып кеткеніндей, қазіргі қоғам үздіксіз ізденуді, оқуды, талпынуды талап етуде.
Соңғы уақытта әлемдің трендтердің біріне айналған – оқытудың онлайн курсы. Интернет арқылы оқытудың онлайн курстарында ақпарат қолжетімді және максималды адамдар санын қамти алады. Өзінің білімін толықтырғысы келген немесе жаңа білімге қызығышылығы бар азаматтар өздеріне қолайлы уақытта онлайн курстар арқылы ақылы немесе тегін негізде білім ала алады.
Сұранысқа ие алдыңғы қатарлы онлайн курстарға: тілдік курстар, бағдарламалау, АТ дамыту, графикалық дизайн, Adobe Photoshop негіздері, бухгалтерлік курстар, тренингтер, психолгия және тұлғалық құзыреттілік, интернет маркетинг, құқықтық курстар, кәсіпкерлік курстары т.б.
Білім берудегі геймификациясы трендіне тоқталатын болсақ, ол – мектеп оқушылары мен студенттердің оқу процесінде шығармашылық және бейімді ойлауын дамыту, қызығушылықтарын оятып, оларды оқуды жалғастыруға шабыттандыру, белсенді қатысуды барынша арттыру мақсатында оқу процесіне ойын мен ойын-сауық элементтерін енгізу. Гeймификaцияда компьютерлік oйындapғa тән тәcілдepді білім бepyдe қoлдaнy бoлып тaбылaды.
Доктор Энн Шоллдың пікірінше білім берудегі геймификация – бұл оқуға деген ынтасын арттыруға көмектесетін құрал. Біздің прогрестің жолын геймификация теориясымен қатар жасанды интеллект белгілейді деген болатын.
Оқу үрдісінде ойын технологиясының тиімді пайдаланылуы оқытушының кәсіби біліктілігіне де байланысты. Сонымен қатар оқу пәніне, сабақ тақырыбына да қарап, тиімді болған жағдайда ғана қолданған жөн. Сабақтардың ойын түрлері, сабақта ойын тәсілдері мен жағдаяттардың көмегімен құрылады, ол білім алушыларды оқу әрекетіне қызықтыру және ынталандыру құралы ретінде әрекет етеді. Оқу үрдісінде геймификация бәсекеге қабілеттілік, мақсат қоюшылық, жетістік және нәтиже, жаңа мүмкіндіктер, серіктестік, тәжірибе жинаумен ерекшеленеді. Сонымен қатар білім алушыларда көпшілдік, топта жұмыс істеу дағдылары, логикалық және шығармашылық ойлау, табандылық, тапқырлық, уақыт шеңберінде жұмыс жасай білу мүмкіндіктері дамытады.
Мобильді оқыту (M-learning) білім берудегі жаңа технология ретінде трендке айналды. Заманауи мобильді технологиялардың адам өмірінің әртүрі салаларына қарқынды түрде енуінің нәтижесінде мобильді оқытуда маңызды орын ала бастады. Жалпы мобильді құрылғылардың көмегімен кез келген уақытта, кез келген жерден білім алуды мобильді оқыту деп айтсақ болады. Мобильді білімге смартфондар немесе планшеттер сияқты мобильді технологиялар арқылы қол жеткізуге мүмкіндік бар.
Мобильді құрылғыларды қолдану арқылы оқытудың тиімділігіне: мобильді құрылғылар көлемі шағын және әрқашан адаммен бірге жүреді; бағасы азаматтарға қолжетімді; оқытудың жекелендірілуі немесе жеке тұлғаға бағыттылығы; кері байланыстың жылдамдығы және оқу нәтижелерін бағалауға мүмкіндік туу; кез келген уақытта және кез келген жерде оқу мүмкіндігі; үздіксіз білім алуды дамыту; шығындардың тиімділігін артады; WhatsApp, Telegram, Viber платформалық қосымшаларды қолдану арқылы жылдам ақпарат алмасуды жасқызуға болды. Ал мобильді оқытудың қиындықтырына немесе кемшіліктеріне: оқу барысында мобильді құрылғының экранының шағындығы; электр энергиясы және интернет желісінің барлық аймақтарда болмауы, құрылғы бағдарламаларының бұзылулары; мобильді құрылғы батереясын шектеулілігі; алаңдату факторының туындауы және зейінді шоғырландыру қиынға соғатынын жатқызуға болады.
Микрооқыту (Microlearning) — онлайн оқытудың бір тренді және мобильді оқытудың бір түрі болып табылыды. Микрооқыту үнемі қайталану және күрделену арқылы шағын бөліктерде білім алуды қамтиды. Сонымен қатар, сабақтардың қысқа, қызықты, әрі жылдам өтуі маңызды. Тақырып қысқа болғанымен де, мақсатты түрде құрылып, мәнге ие болу керек. Ал сабақтардың жалпы жиынтығы зерттелетін тақырыптың толық бейнесін құрайды. Курсты қолданушылардың зейінін аудару және жылдам есте қалдыру мақсатынды, метафоралар, әңгімелер, графика, бейнеролик, ойын және анимация түріндегі материалдар ұсынылады.
Микрооқыту форматының артықшылықтарына тоқталатын болсақ, мақсаттылық, зейіннің шоғырлануы, қол жетімділік, практикалық қолдану мүмкіндігі, үздіксіздік, көп форматты, орын мен уақытқа еркіндігі, модульдік және икемділік, кез келген уақытта қайталау бар. Бұл оқыту түрі мамандықты түбегейлі меңгеруге, тақырыпты кеңірек түсінуге мүмкіндік бермейді, сондай ақ күрделі ұғымдарды түсіндіру үшін оңтайлы емес екенін ескеру керек.
Мақалада қазіргі кезде білім беру парадигмасының өзгеруіне, білім берудің мазмұнын жаңартып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынастардың пайда болуына өзіндік әсерін тигізіп жатқан білім беру трендтерінің өзектілеріне тоқталып өттік. Заман ағымымен білім беру трендтері де үздіксіз жаңару үстінде. «Мәдениеті жоғары халық – мәдениеті төмен халықты аз-көбіне қарамай жем қылатыны айдай анық, күндей жарық ақиқат… Мәдениет жігін жоғалтпай, өз жігін жоғалту оңай емес» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, әлемнің білім беру трендтерінің ішінен ұлттық ерекшелігімізді, мәдениетімізді ескере отырып, еліміздің білім беру жүйесіне ыңғайлысын, тиімдісін іріктеп, қолданысқа енгізу де маңызды деген ойдамын.
Жоба бойынша кіші ғылыми қызметкер Ырымбаева Н.А.