Мақалалар

Коммуникативтік мәдениет түсінігінің мәні

Мәдениет тарихи құрылым ретінде уақыт өте келе дамып, өзгеріп отырады. Жалпы мәдениеттің бір бөлігі болып табылатын коммуникативті мәдениет те өзгеріске ұшырайды: тіл, қарым-қатынас стилі өзгереді, қазіргі өмірдің жылдам ырғағына сәйкес келетін жаңа формалар мен байланыс арналары пайда болады, бұл сізге жылдам ақпарат алмасуға, нәтижелі диалог пен ынтымақтастық құруға мүмкіндік жасайды.

«Мәдениет» пәнаралық, көп өлшемді түсінік ретінде философия, әлеуметтану, мәдениеттану, тарих, өнертану, психология, педагогика және басқа да ғылымдарда қолданылады. Қоғам мәдениетінің функционалды құралы ретінде коммуникативті мәдениет адамға материалдық және рухани құндылықтарды игеруге, өзін-өзі қалыптастыруға және жетілдіруге, әлемдік мәдени коммуникативті кеңістікке енуге мүмкіндік береді. Ал, коммуникация – оқшауланған тұлғалардың сырттай өзара әрекеттестігінің үдерісі ғана емес, біртұтас сипаттағы қоғамның ішкі ұйымдастырылуы мен ішкі эволюциясының тәсілі ретінде қарастырылады.

Коммуникативті мәдениет болашақ маманның жалпы мәдени және кәсіби қалыптасуында жетекші рөл атқарады. Ғылыми әдебиеттерді талдау көрсеткендей, зерттеушілер көбінесе коммуникативті мәдениетті жеке тұлғаның жалпы мәдениетін анықтайтын негізгі компоненттер арқылы зерделейді:

— сөйлеу мәдениеті (коммуникативтік мәдениет);

— ойлау мәдениеті (танымдық мәдениет);

— сезім мәдениеті (эмоционалды мәдениет).

Коммуникативті мәдениет жалпы, жаһандық мағынада адамзаттың мәдени мұрасының бөлігі болып табылады. Түсініктемелердің айырмашылығына қарамастан, барлық зерттеушілер коммуникативті мәдениет жеке тұлғаның жалпы және кәсіби мәдениетінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады деген тұжырыммен келіседі. Психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде коммуникативті мәдениет адамның психикалық, физикалық, жеке тұлғалық қасиеттерін қарым-қатынасқа байланысты міндеттерді шешуде тиімді пайдалануға жағдай жасайтын білім, іскерлік және дағдылардың жиынтығы ретінде түсіндіріледі.

Қай салада қызмет етсе де, болашақ мамандардың кәсіптік іс-әрекеті коммуникативті мамандықтың субъектісі ретінде әртүрлі деңгейдегі және көпжоспарлы іскерлік қатынаста ақпарат алмасудан тұрады. Ақпарат алмасу – коммуникативті іс-әрекеттің негізгі мазмұны.  Тұлғааралық қарым-қатынас нәтижелі орнауы үшін, өзара әрекет жүйесіндегі субъектілердің ақпарат алмасуын үнемі талдап отыру маңызды. Бұл жағдай ақпарат алмасу үшін өзара қарым-қатынасқа түскен сәтпен, одан кейінгі жағдайды болжауға мүмкіндік береді.

Коммуникация барысында орын алған жағдаяттан оңтайлы шығып кету жолын таба білу де тұлғаның коммуникативтік мәдениеттілігінен хабар береді. Тұлғааралық қарым-қатынас жағдайы әртүрлі болғандықтан маманның орын алған өзара әрекет жағдаятынан шығып кету үшін адекватты шешім қабылдау іскерлігі болуы қажет. Сондықтан да, коммуникативті мәдениеттің екінші бір жағы: ашық қарым-қатынасқа қабілетті болу, өзара түсінісуге бағдарлану, тұлғааралық қарым-қатынасты орнатуға және өзара дамуға мүдделі болу, тұлғалармен қарым-қатынасқа сай болу, қарым-қатынас нәтижесін болжау және т.б дегенді білдіреді.

Қазіргі уақытта, коммуникативті мәдениет қарым-қатынастың интегративті рухани-гуманистік бағыты бар күрделі ұйымдастырылған әлеуметтік және жеке тұлғалық жүйе ретінде қарастырылады. Коммуникативті мәдениеттің жалпы мазмұны келесідей құрылымдық элементтерді қамтиды: гуманистік бағыт; аксиологиялық әлеует; акмеологиялық; тұлғалық-әрекеттік өзін-өзі ұйымдастыру және шығармашылық өзін-өзі дамыту; коммуникативті технологиялық даму және т.б.

Сонымен, коммуникативті мәдениет – бұл болашақ маманның өзара іс-қимылы мен қарым-қатынасының барлық аспектілерін қамтитын, маңызды функцияларды (гуманистік; аксиологиялық; ақпараттық; әдіснамалық; танымдық; реттеуші; семиотикалық; интегративті; тәрбиелік және т.б.) орындайтын әлеуметтік мәдениеттің ерекше формасы. Коммуникативті мәдениет адамның сыртқы әлеммен өзара әрекеттестігі мен қарым-қатынасының сапасын анықтайды. Коммуникативтік мәдениет – іскерлік серіктестермен психологиялық байланыс орнатуға, қарым-қатынас барысында нақты қабылдау мен түсіністікке қол жеткізуге, іскерлік серіктестердің мінез-құлқын болжауға, мінез-құлыққа бағыттауға жағдай жасайды. Болашақ маманның коммуникативтік мәдениеті оның қарым-қатынас барысында нақты қабылдау мен түсіністікке қол жеткізуге, әңгімелесушінің мінез-құлқын болжауға және бағыттауға, коммуникативтік этикетті сақтауға мүмкіндік беретін адамдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру саласындағы білім, іскерлік, дағдыларын қамтиды.

Мәдениет тарихи құрылым ретінде өмір сүреді, дамиды, уақыт өте келе өзгереді. Жалпы мәдениеттің бір бөлігі болып табылатын коммуникативті мәдениет те өзгеріске ұшырайды: тіл, қарым-қатынас стилі өзгереді, қазіргі өмірдің жылдам ырғағына сәйкес келетін жаңа формалар мен байланыс арналары пайда болады, бұл біздерге көп ақпарат алмасуға, жылдам кері байланыс алуға, нәтижелі диалог пен ынтымақтастық құруға мүмкіндік береді. Осылайша, дамып келе жатқан коммуникативті мәдениет қоғамның цифрлық трансформациясының жаңа жағдайларында оның даму деңгейін бағалайтын жаңа модельдер мен критерийлерді әзірлеуді талап етеді.

Жобаның аға ғылыми қызметкері

Сүлейменова Жансая Тоқтарқызы

Басқа материалдар

Back to top button