Мақалалар

ЖОО-да болашақ мамандарына цифрлық құзыреттілік қаншалықты қажет?  

Жоғары білім беру жүйесін жаңарту мен оған инновацияларды ендіру –  адами капитал сапасын арттырудың негізгі талаптарының бірі. Жоғары білім берудегі инновациялар кәсіби құзыретті болашақ мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Кәсіптік білім берудің тиімділігін оның интeрнационалдануы және ЖОО-ның әлeмдік рейтингтeрден көрінуі арқылы бағалауға болады. Ал, әлемдік рейтингтен көріну кәсіптік білім беру жүйесінің цифрлық мүмкіндіктеріне, болашақ мамандардың цифрлық сауаттылығы мен құзыреттілік деңгейіне тікелей байланысты болады.

Қарқынды дамып келе жатқан технологиялардың арқасында бүгінгі студенттер цифрлық әлеммен бірге жетілуде. Болашақ маманның цифрлық құзыреттіліктерін қалыптастыру үшін оқу үдерісі барысында заманауи білім беру технологияларын пайдалану міндеттеледі. Бұл, өз кезегінде студенттердің креативті ойлауы мен шығармашылық дамуына жол ашады. Техникалық дағдылардан бөлек цифрлық экономикада келесідей әмбебап қабілеттер жоғары бағаланады: сыни ойлау, адамдармен өзара іс-қимыл жасау, өзгерістерге жылдам бейімделу, өзін-өзі ұйымдастыру, деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеу және т.б.

Білім беруді тез өзгеретін сыртқы жағдайларға бейімдеу қажеттілігін сезіне отырып, Еуропалық одақ білім беруді цифрландырумен және оны түрлендірумен белсенді түрде айналысады. Еуропалық комиссияның бірлескен зерттеулер орталығы (Joint Research Centre (JRC) цифрлық дәуірге арналған оқыту және дағдылар жөніндегі зерттеулерді 2005 жылдан бастап жүргізіп келеді.  Олардың мақсаты ЕО-қа мүше мемлекеттерге білім беру және оқыту саласында инновацияларды енгізу, өмір бойы оқуға қолжетімділікті жақсарту және тұлғаны дамыту және әлеуметтік интеграция үшін қажетті жаңа (цифрлық) дағдылар мен құзыреттерді дамыту үшін цифрлық технологиялардың әлеуетін пайдалануға қолдау көрсету болып табылады. DigComp деп аталатын Еуропалық азаматтарға арналған цифрлық құзыреттілік жүйесі азаматтардың цифрлық құзыреттілігін арттыру құралын ұсынады. Ол алғаш рет 2013 жылы жарық көрді, ал 2016 жылы JRC DigComp 2.0 шығарды, онда терминология мен тұжырымдамалық модель жаңартылды.

DigComp 2.0 цифрлық құзыреттіліктің 5 көрсеткішін қамтиды:

  1. Цифрлық сауаттылық (деректерді, ақпаратты және цифрлық мазмұнды қарау, іздеу және сараптау; деректерді, ақпаратты және цифрлық мазмұнды бағалау; деректерді, ақпаратты және цифрлық мазмұнды басқару).
  2. Байланыс және ынтымақтастық (цифрлық технологиялар арқылы өзара әрекеттесу; цифрлық технологиялар арқылы ынтымақтасу; желілік этикет; цифрлық технологияларды басқару).
  3. Цифрлық мазмұнды құру (цифрлық мазмұнды дамыту; цифрлық мазмұнды біріктіру және қайта өңдеу; авторлық құқық және лицензия; бағдарламалау).
  4. Қауіпсіздік (құрылғыларды қорғау; жеке деректерді қорғау және құпиялылықты сақтау; денсаулықты, қоршаған ортаны қорғау).
  5. Мәселелерді шешу (техникалық мәселелерді шешу; қажеттіліктерді айқындау; цифрлық технологияларды шығармашылықпен пайдалану; цифрлық құзыреттіліктегі кемшіліктерді анықтау).

Демек, цифрлық құзыреттілік цифрлық техниканы игерудің жоғары дамыған шеберлігіне ғана емес, логикалық ойлауға, ақпаратты басқару біліктілігіне негізделеді. Болашақ маман цифрлық құзыреттілік деңгейіне жету үшін: цифрлық құралдардың жалпы құрылымын білуі; инновациялық қызметтегі цифрлық технологиялардың әлеуетін түсінуі; алынған ақпараттың сенімділігі мен дұрыстығына мән беруі және ақпаратты сыни бағалауы және т.б. қажет.

Цифрлық құзыреттілікті білімнен бөлек, цифрлық іскерліктер мен дағдылар құрайды. Цифрлық дағдыларға электрондық құрылғыларды пайдаланудағы функционалдық сауаттылықпен байланысты цифрлық құрылғылар мен қызметтерге қол жеткізу және қолдануға қажетті негізгі дағдыларды жатқызуға болады. Атап айтқанда, әртүрлі техникалық құрылғылармен, файлдармен, интернетпен, цифрлық сервистермен (әлеуметтік желілермен, мессенджер, ақпараттық порталдармен) жұмыс істеу қабілеті; цифрлық контент құру қабілеті; ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті (деректерді жинау, құрылымдау, дұрыстығын тексеру, сақтау және қорғау); цифрлық ортада күрделі кәсіби міндеттерді шешумен байланысты іс-әрекеттер және т.б.

Цифрлық құзыреттілік ақпараттық қауіпсіздік пен цифрлық этиканы сақтауды қоса алғанда, цифрлық ортада жайлы өмір сүру үшін, кәсіби қызметтегі цифрлық міндеттерді оңтайлы шешу үшін ақпараттық-коммуникативтік технологияларды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Жобаның аға ғылыми қызметкері

Сүлейменова Жансая Тоқтарқызы

Басқа материалдар

Back to top button