Жаңалықтар

Ғалым мұрасын жүйелеген басылым

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің білікті ұстазы әрі белгілі ғалым Сейітқазы Перизат Байтешқызының 60 жылдық мерейтойына орай «Сейітқазы Перизат Байтешқызы: биобиблиографиялық көрсеткіш» атты басылым жарық көрді. Ағымдағы жылы жарық көрген еңбек ғалымның өмір жолын, ғылыми-педагогикалық қызметін және шығармашылық мұрасын бір арнаға жинақтайды.

Перизат Байтешқызы саналы ғұмырын ғылым мен білімге, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге арнап келеді. Оның зерттеулері педагогика, медиабілім, ақпараттық мәдениет, медиасауаттылық, желілік коммуникативтік мәдениет, цифрлық этикет, болашақ мамандарды кәсіби даярлау және білім беру үдерісін жетілдіру бағыттарын қамтиды. Осы тақырыптардың әрқайсысы қазіргі цифрлық қоғам жағдайында ерекше өзекті. Сондықтан мерейтойлық көрсеткіш бір ғалымның еңбектерін таныстыратын басылым ғана емес, отандық педагогикалық ойдың белгілі бір даму кезеңін сипаттайтын дереккөз ретінде де маңызды.

Басылымда профессордың өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері, ғылыми-педагогикалық еңбегі туралы қысқаша очерк, жарияланымдарының хронологиялық көрсеткіші және ғалым жайындағы материалдар жүйеленген. Монографиялар, оқулықтар, оқу құралдары, ғылыми мақалалар, халықаралық және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар жинақтарындағы еңбектер мен әдістемелік зерттеулер туралы мәліметтер оқырманға қажетті деректі жылдам табуға мүмкіндік береді. Хронологиялық құрылым ғалымның зерттеу тақырыптарының қалыптасуы мен кеңеюін, ғылыми идеяларының сабақтастығын байқауға көмектеседі.

Көрсеткіштің практикалық құндылығы да осында. Цифрлық коммуникация, желілік этикет, медиасауаттылық, ақпараттық мәдениет немесе медиабілім мәселелері бойынша ғылыми дерек іздеген зерттеуші Перизат Байтешқызының осы салалардағы еңбектері туралы мәліметті аталған басылымнан таба алады. Биобиблиографиялық көрсеткіш педагогика және білім беру саласының мамандарына, ғалымдар мен ізденушілерге, докторанттар мен магистранттарға, жоғары оқу орындарының оқытушыларына, мұғалімдерге, студенттерге, кітапхана және ақпарат қызметкерлеріне арналған.

 

Сейітқазы Перизат Байтешқызы: биобиблиографиялық көрсеткіш / құрастырушы: Ж.Т.Сулейменова, М.А.Тавасаров. – Астана: «Мастер По» ЖШС, 2026. – 55 бет. 

Басқа материалдар

Back to top button