Студенттердің ақпараттық құзыреттілігін дамытудағы электронды кітапханалардың мүмкіндіктері

Бүгінгі күні студенттер өздерінің академиялық және кәсіби жетістіктерін арттыру мақсатында ақпарат іздеуге ұмтылады. Ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың дамуымен қатар интернет бұл үдерісті едәуір жеделдеттеді. Осы тұрғыда ақпараттық құзыреттіліктің маңызы ерекше атап көрсетіледі, себебі ол ақпаратты анықтау, және тиімді пайдалану қабілеттерін қамтиды. Бұл дағдылар сапалы ақпарат табудың нәтижелі болуына шешуші рөл атқарады.
Ақпараттық құзыреттіліктің ерекшелігі – қарқынды дамып келе жатқан ақпараттық ортада деректерді іздеудің әмбебап әдістерін меңгеру және оларды тиімді қолдану. Бұл қабілет Интернет ресурстарымен, электронды кітапханалармен, деректер базаларымен жүйелі жұмыс істеу дағдыларын қамтиды. Сонымен қатар, ақпараттық ағым ішінде бағдар жасап, қажетті мәліметті іріктей алу, ақпаратты талдау және оны кәсіби міндеттерді шешуге бейімдеу қабілеті де аса маңызды.
Болашақ маман цифрлық кеңістіктің белсенді қатысушысы ретінде тек оның мүмкіндіктерін пайдаланып қана қоймай, сонымен бірге оны жетілдіруге, мазмұнын нақтылауға және жаңа ресурстарды енгізуге ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, өзін ақпараттық кеңістіктің субъектісі ретінде сезіну студенттің белсенді тұлғалық ұстанымын қалыптастырудың негізін құрайды. Мұндай ұстаным кәсіби дамудың маңызды алғышарты болып, үздіксіз білім алу мен ақпараттық мәдениетті жетілдіруге жол ашады.
Бұл ретте, электронды кітапханалар білім беру жүйесінде ақпаратқа қолжетімділікті арттырып, оқыту сапасын жаңа деңгейге көтеретін маңызды құрал болып табылады. Олар дәстүрлі кітапханаларды толықтырып қана қоймай, білім алушылардың цифрлық ортада еркін дамуына жағдай жасайды.
Электронды кітапханалардың ең басты артықшылықтарының бірі – олардың кез келген уақытта және кез келген жерде қолжетімді болуы. Бұл ерекшелік білім алушыларға оқу үдерісін уақыт пен кеңістікке тәуелсіз ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Іздеу жүйелерінің тиімділігі қажетті ақпаратты қысқа мерзімде табуға жағдай жасап, білім алушылардың уақытын үнемдейді.
Электронды кітапханаларда тек дәстүрлі мәтіндік материалдар ғана емес, сонымен қатар электронды оқулықтар, ғылыми мақалалар, бейнематериалдар, мультимедиялық ресурстар және деректер базалары жинақталған. Мұндай әртүрлі форматтағы материалдар оқу процесін жан-жақты қамтамасыз етіп, білімді терең әрі кешенді меңгеруге ықпал етеді. Қазіргі уақытта электронды кітапханалардың тәулік бойы қолжетімді болуы, автоматтандырылған іздеу жүйесі арқылы жылдам табу, білім алушылардың қажетті ақпаратты алуға деген мүмкіндігін арттырады.
Жоғары оқу орындарында электронды кітапханалар студенттердің оқу бағдарламасына сәйкес материалдарды оңай табуына көмектеседі. Ғылыми зерттеулер жүргізетіндер үшін олар деректер базасы ретінде қызмет атқарады. ЖОО-да бірқатар отандық және шетелдік электронды кітапхана жүйесіне тіркелім жасалып, студенттердің оқу ізденісі мен жеке қызығушылықтары бойынша ақпарат алу мүмкіндігі қарастырылған.
Қорытындылай келе, электронды кітапханалар студенттердің зерттеу дағдыларын жетілдіруге, яғни ғылыми ізденіс жүргізудің заманауи әдістерін меңгеруге мүмкіндік береді. Олар деректерді жинақтау, ғылыми әдебиеттерді талдау, библиографиялық іздеу жүргізу және алынған ақпаратты жүйелеу дағдыларын дамытады. Бұл студенттердің ақпаратпен жұмыс істеудегі зерттеу жұмыстарының сапасын арттырып, ғылыми нәтижелерге қол жеткізуіне ықпал етеді.
Келесі электронды ресурстарды пайдалану барысында студенттер ақпаратты салыстыру, талдау және бағалау арқылы сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамытады. Әртүрлі дереккөздермен жұмыс істеу олардың пікірін дәлелді негіздеуге, жалған ақпаратты ажыратуға және ғылыми тұжырымдар жасауға үйретеді.
Электронды кітапханалар студенттерге өз оқу бағытын, жеке оқу мақсаттарын нақтылауға, қажетті материалдарды таңдап, жеке оқу жоспарын құрып, білім алуда өз қарқынына сәйкес ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл дербестік студенттің жауапкершілігін арттырып, өзін-өзі дамытуға жол ашады.
Ырымбаева Нургуль Алдажаровна, Педагогика ғылымдарының магистранты, оқытушы,
Астана халықаралық университеті, Астана, Қазақстан



