Мақалалар

Цифрлық білім берудегі этика мен моральдық құндылықтар

Ағымдағы жылы жоба жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сейітқазы Перизат Байтешқызының «Journal of Culture and Values in Education» журналында бірлескен авторлықтағы «Цифрлық білім берудегі этика мен моральдық құндылықтар: студенттердің көзқарастарын кластерлік тұрғыдан зерттеу» тақырыбындағы ғылыми мақаласы жарық көрді.

Ғылыми мақаланың көкейкестілігіне келсек, цифрлық білім берудің кеңеюімен қатар деректердің құпиялылығы, академиялық адалдық, қолжетімділік, этикалық сауаттылық және моральдық құндылықтар сияқты мәселелер барған сайын маңызды бола түсуде. Аталған зерттеу жұмысында студенттердің цифрлық оқу орталарындағы осы этикалық өлшемдерге қатысты қабылдауын сандық зерттеу дизайны негізінде көлденең қималы сауалнама әдісі арқылы қарастыруды мақсат етеді. Деректер Қазақстандағы екі білім беру мекемесінен 193 студенттен жиналды. Google Forms арқылы жүргізілген онлайн сауалнама студенттердің ерікті әрі анонимді қатысуына мүмкіндік берді. Hartigan-Wong k-means алгоритмін қолдана отырып жүргізілген кластерлік талдау нәтижесінде студенттердің этикалық сауаттылығы мен моральдық құндылықтарына байланысты үш түрлі топ анықталды. 1-кластер – этикалық қағидаттарға орташа және жоғары деңгейде келісім білдіргендер. 2-кластер – ең төменгі этикалық сауаттылық көрсеткендер, әсіресе деректердің құпиялылығы мен қолжетімділік мәселелерінде. 3-кластер – ең жоғары этикалық келісім көрсеткендер, бұл олардың институционалдық қолдау мен цифрлық сауаттылығының жоғары деңгейін айғақтайды.

Зерттеу нәтижелері деректердің құпиялылығы мен қолжетімділікті ең өзекті мәселелер ретінде айқындады. Этикалық дайындық деңгейінде айтарлықтай айырмашылықтар байқалды, бұл институционалдық саясат, цифрлық сауаттылық деңгейі және әлеуметтік-экономикалық факторлардың студенттердің этикалық көзқарастарын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын көрсетті.

Зерттеу нәтижесінде мақсатты этика бойынша оқыту, қолжетімділік саясатын жетілдіру және деректерді қорғау шараларын күшейту жөнінде әдістемелік ұсыныстар берілді.

Ғылыми мақалаға сілтеме:

Tantakov, G., Maigeldiyeva, Zh., Omarov, D., Seiitkazy, P., & Maigeldiyeva, Sh. (2025). The Ethics and Moral Values in Digital Education: A Cluster-Based Exploration of Student Perspectives. Journal of Culture and Values in Education, 8(3), 179-202. https://doi.org/10.46303/jcve.2025.28

Басқа материалдар

Back to top button