«Медиапедагогика: БАҚ, білім және тәрбие» кітабы жарық көрді
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сейітқазы Перизат Байтешқызының «Медиапедагогика: БАҚ, білім және тәрбие» атты кітабы жарық көрді. Кітап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрді.
Кітап үш бөлімнен тұрады: «БАҚ – тәрбие құралы», «Медиабілім – педагогикадағы жаңа бағыт», «Цифрлық қоғам және медиасауаттылық». Еңбекте педагогика саласындағы жаңа бағыт – медиабілім мәселелері туралы баяндалады. Медиасауаттылық, медиамәдениет, цифрлық сауаттылық ұғымдары жан-жақты талданады. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының тәрбие, білім беруге бағытталған бағдарламалары, басылымдар материалдары кеңінен сараланады.
Кітап жоғары оқу орындарының оқытушыларына, ізденушілерге, сонымен қатар мұғалімдер мен білім саласының өкілдеріне, көпшілікке арналған.
Сейітқазы П.Б. «Медиапедагогика: БАҚ, білім және тәрбие». – Алматы: «Sardar G», 2024. – 264 бет. ISBN 978-601-7624-77-4