Жаңалықтар

Жоба аясында шетелдік басылымда мақала жарияланды

«Цифрлық этикет және оның перспективалары» тақырыбындағы мақала AP19679344 «ЖОО-да оқытушылар мен студенттердің желілік коммуникативтік мәдениеті мен цифрлық этикетін қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік негіздерін зерттеу» ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру жобасы аясында жарияланды.

Мақалада этикет – адамдардың сыртқы қатынас-көзқарасын (қоршағандар-мен қатынаса білу, көпшілік орындарында өзін ұстай білу мәнері, т.б.) реттеп отыратын мінез-құлық ережесінің жиынтығы ретінде қарастырылса, ал этикеттің негізгі мақсаты – біріншіден, социумдағы адамдардың позициясын бейнелеу, екіншіден, екі жақты да қанағаттандыратын тұрақты мінез-құлық, қарым-қатынас тәртібін таңдау, қалыптастыру екендігі айтылады.

Авторлар бүгінде цифрлық этикеттің кеңінен таралған 7 міндетті ережесін ұсынады:

  1. Жұмысқа жауапты болатын уақытты анықтаңыз және сол кесте бойынша жұмыс жасаңыз.
  2. Нақты есіміңізді пайдаланыңыз. Сіздің аты-жөніңіз мессенджерлер мен Zoom қолданбаларында анық көрсетілуі керек. Лақап ат қолданбаңыз. Сондай-ақ, аватарыңызға кез келген сурет салмаңыз. Көңіліңізге жаққан фотосурет болмаса, аватарды бос қалдырыңыз.
  3. Видео арқылы сөйлесетін болсаңыз, әңгімелесушінің бейнесін назарда ұстаңыз.
  4. Дыбыстық хабарлама жібермеңіз. Дыбыстық хабарламаны бірнеше мәрте тыңдау қажет болады. Сондықтан негізгі ойларды қабылдауда жазбаша хабарлама әлдеқайда ыңғайлы.
  5. «Достар» қатарына қосылуға сұраныс жіберген профильдердің барлығын қабылдау міндетті емес. Бүгінде шынайы өмірден гөрі әлеуметтік желіде «дос» болу әлдеқайда оңай. Бірақ барлық өзіңіз қалаған немесе қаламаған адамдармен байланыс орнатудың қажеті жоқ. Әлеуметтік желідегі парақшаңызда өзіңіз туралы қалағаныңызды жариялауға құқығыңыз бар. Сондай-ақ оны тек достарыңыз бен парақшаңызға жазылған адамдардың көруге немесе танысуға құқығы бар. Желідегі достар шеңберін шектеу белгілі бір құпиялылықты тудырады.
  6. Home-office ұйымдастырыңыз. Өзіңізді психологиялық және физикалық тұрғыдан жайлы сезінетін кеңістік құрыңыз. Ол үйдегі жұмыс орныңыз болуы да мүмкін.
  7. Әдепті және ұқыпты сыртқы келбетке ие болуды ұмытпаңыз.

Осылайша, цифрлық педагогикалық жүйеде этикетті дамыту атап айтқанда, цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін қолдана отырып ақпаратты іздеу, жинақтау, қолдану, ақпараттарды білім көзіне айналдыру, білім қорын молайту, цифрлық ортада жаңа элементтер мен бағдарламалар құру, ақпараттармен жұмыс жасау мәдениетін, өз позициясын қалыптастыру, киберкеңістікті сезіну, цифрлық құзіреттіліктерді, өзгелермен бірлесе жұмыс жасау дағдысын дамыту, таным мен қарым-қатынаста электрондық құралдарды пайдалану ережелерін қалыптастыру ғылыми ортадағы басты мәселелер.

 

Мақаланың сілтемесі: Т.С.Сламбекова, П.Б.Сейітқазы, М.П.Асылбекова. Цифрлық этикет және оның перспективалары // Membership in the WTO: Prospects of Scientific Researches and International Technology Market: Materials of the VIII International Scientific-Practical Conference. In two volumes. Volume II – Edmonton (Canada): Regional Academy of Management, 2023. – 46-53 p.  ISBN 978-601-7496-26-5

Басқа материалдар

Back to top button